Елордада оқушылар, әкелер және студенттер арасында құқықтық квест өтті
Астанадағы №73 физика-техникалық лицейінде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Әкелер кеңесі мен мектептің «Болашақ прокурорлар» клубының қатысуымен «Әке – тәрбие тірегі, заң мен тәртіп – қоғам кепілі» атты жыл сайынғы бірлескен форум өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараның мақсаты – оқушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасылық тәрбиедегі әкенің рөлін арттыру, сондай-ақ Әкелер кеңесі мен «Болашақ прокурорлар» клубының қызметін жүйелі түрде біріктіру.


«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында елорданың «Сарайшық» ауданындағы 17 мектепте Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурорлар» клубы ашылды. Форумға клуб мүшелері мен Әкелер кеңесінен бөлек, аудандық прокуратура мен ювеналды полиция қызметкерлері, сондай-ақ бізбен меморандум жасасқан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Бүгінгі іс-шара екі бөлімнен тұрады: алдымен клуб мүшелерінің жұмысы қорытындыланды, кейін төрт команда бақ сынасқан құқықтық квест өтті. Әр команданың құрамында мектеп оқушысы, оның әкесі, прокуратура өкілі және ЕҰУ заң кафедрасының 3-курс студенті болды. Олар бірлесе отырып, құқықтық сипаттағы түрлі кейстерді шешті», – деді №73 мектеп-лицейінің директоры Гүлшат Қалтаева.

Оқушылар да мұндай іс-шаралардың құрдастары арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы тиімділігін атап өтті.
«Мен мектептегі тәртіпті қолдаймын. Біз оқитын жердің тыныш әрі қауіпсіз болғанын, ал балалардың өз құқығын білгенін қалаймын, сондықтан осы клубқа мүше болдым. Маған өзгелерге көмектескен ұнайды, біреуге пайдалы кеңес бере алсам, қуанып қаламын», – деді 10-сынып оқушысы, «Болашақ прокурорлар» клубының көшбасшысы Жансері Сенғазы.
