Астанада зейнеткерлер арасында тоғызқұмалақтан турнир өтті
Астанада «Нұра» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында зейнеткерлер арасында тоғызқұмалақтан турнир өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық зияткерлік ойынды насихаттауға бағытталған іс-шараға «Есіл», «Нұра» және «Байқоңыр» аудандарының Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызмет алушылары қатысып, өзара бақ сынады.

Турнирдің басты мақсаты – ардагерлер арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау және зейнеткерлердің белсенді қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік жасау.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне, ой-сананы сергек ұстауға және ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуге ықпал етеді.
«Бүгін біз «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 9 мамыр мерекесіне орай зейнеткерлеріміздің арасында тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырып жатырмыз. Бұл жарыстың негізгі мақсаты – ардагерлерімізді қолдау, олардың белсенді өмір салтын насихаттау және ұлттық спортымызды дамыту», – деді «Нұра» аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекші маманы Бақыт Қайырбекқызы.
Турнир соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.