Светлана Айтбаева: ұлттық тәрбиенің құндылығы – тамырымыздан ажырамау
Ұлттық тәрбиенің негізгі тірегі не? Бұл сұрақты Халықаралық отбасы және Аналар күніне орай елордада «Анаға тағзым» аллеясының ашылуына келген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Светлана Айтбаеваға қойдық.
«Жалпы, қазақы тәрбие деген – құдыреті ерекше ұғым. Қазақ ауызбен айтқаннан гөрі іспен көрсеткен ғой. Қазақы тәрбиенің құндылығы да осында. Сондықтан ұлттық тәрбиенің құндылығы – біз үшін ең бастысы тамырымыздан ажырамау. Алдыға ұмтыла отырып, өткенімізден де ажырамауымыз керек деп орйлаймын», – деді Светлана Айтбаева Elordainfo.kz тілшісіне.
Ал аналардың мәртебесіне қатысты сауалға Светлана Айтбаева былай деп жауап берді:
«Әуелі анаңа, тағы да анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе» деген сөз әрдайым жүрегімізде. Сондықтан анаға қандай жақсылық жасасаң да, артық емес. Бүгінгі іс-шара да соның шегі іспетті. Ең бастысы ананы құрметтеп, жағдайын жасау керек. Егер ананың жағдайы жақсы болса, ұрпақтың жағдайы, елдің жағдайы дұрыс болады. Ананың мәртебесін арттыру жолында қандай іс-шара ұйымдастырылса да артық болмайды деп ойлаймын», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық отбасы және Аналар күніне орай бүгін елордада «Анаға тағзым» аллеясы ашылып, 50 түп алмұрт ағашы отырғызылды.