Астанада «Анаға тағзым» аллеясы ашылып, 50 түп алмұрт ағашы отырғызылды

Астанада «Анаға тағзым» аллеясы ашылып, 50 түп алмұрт ағашы отырғызылды
Фото: Elordainfo.kz

Халықаралық отбасы және Аналар күніне орай елордада «Анаға тағзым» аллеясының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараны Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесі бірлесіп ұйымдастырды. Астаналық мәдениет және демалыс саябағында өткен іс-шараға 200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, ақжаулықты әжелер, көпбалалы аналар, жастар мен қала тұрғындары болды.

Салтанатты жиында алғаш болып сөз алған Астана қаласы «Нұра» ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Молдабек отбасы институтының маңызы, ананың қоғамдағы рөлі мен ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігі туралы айтты.

«Ана деген бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деп қазақ ежелден аналардың отбасындағы қадірін ерекше атап көрсеткен. Әр адамның бойындағы қасиеті, тәрбиесі, отансүйгіштігі аналарымыздың ақ сүтімен беріледі. Отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін. Өсіріп-жатқан ұл-қыздарыңыздың қызығын көріңіздер», – деді Қуаныш Молдабек.

Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, жазушы Камал Әлпейісова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі  Ұлттық комиссия мүшесі Сұңқар Хангелдина, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова барша аналарды мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Іс-шара барысында бала тәрбиесі мен қоғамдық өмірде белсенділігімен танылған аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табыс етілді.

Салтанатты жиын соңында астаналық өнер майталмандары әннен шашу шашты.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өткен іс-шара барысында елорданың барлық ауданынан жиналған көпбалалы аналар мен қоғам белсенділері 50 түп алмұрт ағашын отырғызды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама қаланың жасыл белдеуін кеңейтіп қана қоймай, тұрғындар арасында табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

«Бүгін елордада өте мағыналы іс-шара өтіп жатыр. «Анаға тағзым» аллеясының ашылып жатқанына қуаныштымыз. «Анаға тағзым» деген сөздің өзі – үлкен құрметтің белгісі. Бұл елордамызға көрік беретін орын болады деп ойлаймын. Қазақ жылы лебізін білдірген кезде «жапырағың жайылсын» деген тілек айтады ғой. Ұрпақ ана арқылы өсіп-өнеді. Ана деген – жайқалған жасыл желекпен бірдей ұғым. Сол аналарымыз сияқты бүгін егіліп жатқан біздің әр ағашымыздың да жапырағы жайылып, бұл жер жанға сая көрікті орынның біріне айналсын деп тілеймін», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Светлана Айтбаева.

Айта кетсек, Халықаралық отбасы және Аналар күніне орай елордадағы білім беру ұйымдарында да бірқатар іс-шара жоспарланған. Атап айтқанда, мектептер мен колледждерде «Қызғалдақ» қыздар клубын ашу, репродуктивтік денсаулық тақырыбында студенттерге арналған семинарлар өткізу, «Менің анам» сурет көрмесі, «Әкем, анам және мен» отбасылық спартакиадасы, сондай-ақ «Әкеме хат» және «Анама хат» атты психологиялық форматтағы кездесулер ұйымдастыру көзделіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Есіл өзенінің жағалауы тазартылғанын жазған болатынбыз.