Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 1,2 млн қазақстандықтың дерегі цифрлық форматқа көшіріледі
Қорғаныс министрлігі 1938–1945 жылдары Қызыл армия қатарына шақырылған қазақстандықтардың мұрағат деректерін цифрландыру жобасын жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бастама Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында қолға алынған.
Ауқымды жұмыс Ұлттық қорғаныс университетінде жүргізіліп жатыр. Мұнда жоғары оқу орындары Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына тапсырған облыстық және аудандық әскери комиссариаттардың әскерге шақыру жөніндегі алфавиттік кітаптарын өңдейді.

Осы мақсатта әскери оқу орындар, министрліктің бейінді департаменттері, Қарулы күштердің бөлімшелері, Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясы және азаматтық жоғары оқу орындарының 30 әскери кафедрасы біріккен ведомствофаралық жұмыс тобы құрылды. Құжаттарды тіркеу және оларды бірыңғай электрондық базаға енгізу іске асырылып жатыр.
«Алдымызда соғыс жылдары әскерге шақырылған 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық туралы деректерді цифрлық форматқа көшіру міндеті тұр. Көптеген отбасы үшін бұл – ата-бабасының тағдырын білуге, олар туралы естелікті сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізер мүмкіндік. Бұл жұмысқа 20 мыңнан астам әскери кафедра студенті, одан өзге әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерінің жұмылуы жобаға қосымша білімдік әрі патриоттық мән беріп отыр», – деді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков.

Алдағы уақытта цифрлық ресурс майдангерлердің ұрыс қимылдарына қатысқаны, марапаты және өмірбаяны туралы өзге де деректермен толықтырылады. Бұл ақпарат іздеуді жеңілдетіп қана қоймай, бұған дейін сол саланың мамандарына ғана қолжетімді болған бірегей мұрағаттық материалдарды ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, «Батырларға тағзым» порталына бір жылда 705 мыңнан астам майдангер туралы дерек жинақталды.