Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің сүйегі елге жеткізілді

Бүгін, 19:26
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің сүйегі елге жеткізілді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Астанада Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер Байбол Рахметов пен Мұсақан Қалмырзаевтың сүйектерін тапсыруға арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Рәсім Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында ұйымдастырылды. 

Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, әскери қызметшілер, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ Байбол Рахметовтың туыстары қатысты.
Қызыләскерлердің сүйегін тапсыру рәсімі Орталық әскери оркестр мен Құрмет қарауыл ротасының қатысуымен өтті.

Қаза тапқан жауынгерлердің Отанына оралуы Псков облысында жүргізілген далалық зерттеулер нәтижесінде, яғни іздеу топтарының жұмысы арқасында мүмкін болып отыр.

Рәсім барысында Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Ұлы Отан соғысының Қазақстан халқы үшін ауыр сынақ болғанын атап өтті. Майданға 1,2 миллионнан астам қазақстандық шақырылып, олардың 600 мыңнан астамы соғыста қаза тапқан. Олардың ерлігі болашақ ұрпақ үшін моральдық бағдар болып қала бермек.

«Мемориалды аймақ» іздеу тобының негізін қалаушы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Майдан Құсайынов соғыста қаза тапқан жауынгерлердің туыстарына қайтыс болғаннан кейін берілетін «Ерлік пен борышқа адалдық» медалін табыс етті.

Қызылорда облысының тумасы Байбол Рахметов 1917 жылы туған. 1101-ші атқыштар дивизиясы, 356-шы атқыштар полкінде оқтаушы атқыш болып қызмет еткен. «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Оның сүйегін «Обелиск» іздеу тобы іздеп тапқан.

Мұсақан Қалмырзаев 1921 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Оның сүйегін Псков облысындағы Турки-Перевоз ауылы маңынан «Псковский рубеж» іздеу тобы тапқан.

Жауынгерлер әскери құрметпен қайта жерленеді. Байбол Рахметов Қызылорда облысында, ал Мұсақан Қалмырзаев Түркістан облысында жер қойнына берілмек.