Есік көліндегі бөгет мемлекет меншігіне қайтарылады

Есік көліндегі бөгет мемлекет меншігіне қайтарылады
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Алматы облысының әкімдігі Есік көліндегі бөгет бойынша «Habel» ЖШС-мен жасалған сенімгерлік басқару шартын бұзды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, инвестор нысанды қауіпсіз пайдалану және жаңғырту жобасын іске асыру жөніндегі міндеттемелерін орындамаған.

Есік көліндегі бөгет пен оған іргелес аумағы 140 гектардан асатын стратегиялық гидротехникалық нысанға күрделі жаңғырту мен кешенді қалпына келтіру қажет. Сондықтан 2024 жылдың соңында ашық тендер қорытындысы бойынша бөгет пен оған іргелес аумақ сатып алу құқығынсыз 49 жыл мерзімге «Habel» серіктестігіне сенімгерлік басқаруға берілген.

«Инвестор бөгетке көпфакторлы зерттеу жүргізу, гидротехникалық құрылысты реконструкциялау, мониторинг және қауіпсіздік жүйесін енгізу, тазарту, сондай-ақ туристік инфрақұрылымды дамытуы қажет болған. Бірінші кезеңдегі басты міндет - нысанның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ сел жүруі және жақын маңдағы елдімекендерге қауіп төнуіне байланысты тәуекелді төмендету болды. Алайда жүргізілген тексеру нәтижесінде шарт талаптарының сақталмағаны анықталды», делінген хабарламада.

Сенімгерлік басқарушы жоспарлы жұмыстың едәуір бөлігін орындамаған. Заңбұзушылық анықталғаннан кейін дауды сотқа дейін реттеу рәсімі жүргізіліп, кемшіліктерді жоюға уақыт берілді. Соған қарамастан, қабылданған міндеттеме орындалмауына байланысты шарт біржақты тәртіппен тоқтатылды.

Әкімдіктің мәлімдеуінше, жоспарланған 245 млн теңге инвестицияның алғашқы жылы іс жүзінде небәрі 11,4 миллион теңгесі ғана салынған, бұл көзделген көлемнің 5 пайызынан да аз. Сонымен қатар, жоспарланған жұмыс орындары ашылмаған.

Қазіргі уақытта нысанды мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүргізілп жатыр.

Еске сала кетсек, Төтенша жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, еліміздің басым бөлігінде су тасқынының қаупі азайды.