ҚазҰУ-да жаңа жасанды интеллект зертханалары іске қосылды

ҚазҰУ-да жаңа жасанды интеллект зертханалары іске қосылды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Al-Farabi AI Center ғылыми-зерттеу орталығы құрамындағы Farabi AI in Healthcare & Life Sciences Lab және Farabi Agentic AI Lab мамандандырылған зертханаларының салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, вице-министр Динара Щеглова, ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев, UWEE Group ротациялық төрағасы, Бейжің қаласының экономикалық даму департаментінің кеңесшісі Гилберт ван Керкхове, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен оқытушылар қатысты.

Жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аталған жобаның ел үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

«Al-Farabi AI Center орталығының құрамында Farabi AI in Healthcare & Life Sciences Lab және Farabi Agentic AI Lab зертханаларының ашылуы Мемлекет басшысының экономика мен әлеуметтік салаға жасанды интеллект тетіктерін жедел енгізу жөніндегі стратегиялық тапсырмасына толықтай сәйкес келеді. Бұл алаңдар тек теориялық зерттеулермен шектелмейді – олардың жұмысы медициналық деректерді жоғары дәлдікпен талдау мен биоинженериядан бастап, дербес зияткерлік жүйелерді құруға дейінгі ең өзекті қолданбалы мәселелерді шешуге бағытталған», – деді министр.

Ведомство басшысы сондай-ақ гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 30-ға жуық өтінім берілгенін, MIT, Harvard және Stanford сияқты жаһандық көшбасшылармен тікелей коллаборация орнатылғанын, бұл отандық ғылымның халықаралық стандарттарға сәйкестігінің кепілі екенін мәлімдеді.

Ректор Жансейіт Түймебаев университеттің әлемдік деңгейдегі ғылыми коллаборациялар орталығына айналуы жүйелі мемлекеттік қолдаудың тікелей нәтижесі екеніне назар аударды.

«Бүгін ашылып жатқан орталықтар бүкіл елдегі жас таланттар мен IT-мамандар үшін орасан зор мүмкіндіктер алаңына айналатынына сенімім кәміл. Дәл осы жерде адам өмірін ұзартуға, медицинаны терең жаңғыртуға және отандық өндірісті автоматтандыруға бағытталған бірегей инновациялық жобалар дүниеге келеді», – деді университет басшысы.

Еске сала кетсек, Қазақстанда ақ хакерлер мен ЖИ инженерлері оқытылады.