Энергоқауіпсіздік күшейеді: Қазақстанда ақ хакерлер мен ЖИ-инженерлері оқытылады
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында биыл «Энергетикадағы цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану» атты жаңа кәсіптік стандарт әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Энергетика министрлігінің алаңында электр және жылу энергетикасы салалары бойынша Салалық кеңестің кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар, «KEGOC» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Орталық Азия Электр энергетикалық корпорациясы» АҚ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ, «Kazakhmys Energy» ЖШС сынды жетекші компаниялардың сарапшылары қатысты.

Сондай-ақ отырысқа «KAZENERGY» қауымдастығы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Talap» және «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ өкілдері, оқу-әдістемелік бірлестіктер мен жоғары оқу орындарының республикалық кеңес мүшелері, білім беру ұйымдары және кәсіптік біліктілік жүйесінің мамандары жиналды.
Осы стандарт шеңберінде зияткерлік (ақылды) желілерді жобалаушы, энергия жүйелеріне (Smart Grid) ЖИ-ді әзірлеу және енгізу жөніндегі инженер, энергетикалық желілердің киберқауіпсіздігі жөніндегі маман сияқты жаңа мамандықтар енгізілмек.
Бұл бағыттар Қазақстанның Жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласы негізінде қалыптастырылған. Негізгі мақсат – саланың цифрлық трансформациясына сай келетін заманауи кадрлар даярлау.
«Ақылды» желілерді (Smart Grid) дамыту алдағы 5-0 жылдағы негізгі міндеттердің бірі саналады. Мұндай жүйелер энергетика саласындағы терең біліммен қатар, жасанды интеллект бойынша құзыреттерді де талап етеді. Себебі болашақта диспетчерлік функциялардың бір бөлігі зияткерлік басқару жүйелеріне берілмек.
Айта кетейік, 2025 жылы энергетикалық жүйелерді басқару мен мониторингтеуді жетілдіруге бағытталған «Смарт-менеджер» жаңа мамандығының картасы әзірленген.
Қазіргі таңда Қазақстанның электр және жылу энергетикасы цифрландыру, автоматтандыру және зияткерлік шешімдерді енгізу бағытында дамып келеді.
Жұмыс тобы саланың ағымдағы және болашақтағы қажеттіліктерін ескере отырып, Салалық біліктілік шеңберін жаңартты. Оның аясында саланың функционалдық картасы қайта қаралып, кәсіптік біліктілік картасы өзектендірілді және кадрларға деген қажеттілікке талдау жүргізілді.
Бұл шаралар жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кадр даярлау процесін саланың нақты сұранысымен үйлестіруге мүмкіндік беріп отыр.
Бұған дейін қазақстандықтардың VR технологиясы арқылы жаңа мамандықтарды үйрене алатынын жазған едік.