Одессада қазақстандықтарды алдаған халықаралық алаяқтық call-орталықтың қызметі тоқтатылды

Одессада қазақстандықтарды алдаған халықаралық алаяқтық call-орталықтың қызметі тоқтатылды
Фото: видеодан скрин / ҚР ІІМ

Одесса қаласында Қазақстан азаматтарын алдаумен айналысқан халықаралық алаяқтық call-орталығының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Украина Ұлттық полициясымен бірлесіп, екі елдің бас прокуратураларының өзара іс-қимылы аясында ауқымды халықаралық арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде интернет-алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, қылмыскерлердің құрбаны болғандардың саны 120-дан асады. Келтірілген материалдық шығын көлемі 85 миллион теңгеден асқан.

ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, алаяқтар әлеуметтік инженерияның заманауи әдістерін пайдаланған.

Олар өздерін байланыс операторларының, банк қызметкерлерінің, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері ретінде таныстырып, азаматтарды смартфондарына зиянды бағдарламалар орнатуға көндірген. Кейін құрылғыларға қашықтан қол жеткізіп, жәбірленушілердің ақшасы мен жеке деректерін иемденген.

Арнайы операция барысында санкцияланған сегіз тінту жүргізіліп, екі қымбат автокөлік, 26 компьютер, 49 ұялы телефон, психологиялық ықпал етуге арналған егжей-тегжейлі нұсқаулықтар мен сценарийлер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері тәркіленді.

Операция қорытындысы бойынша Украинаның тоғыз азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір олардың Қазақстан және басқа да елдердің азаматтарына қатысты жасалған интернет-алаяқтықтың өзге эпизодтарына қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

ІІМ мәліметінше, бұл операция трансұлттық киберқылмысқа қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін көрсетті.

Осыған байланысты ведомство азаматтарды сақ болуға шақырады. Құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан несие рәсімдеуді немесе қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейтінін еске салып, белгісіз адамдардың айтуымен қосымша орнатпауға, сондай-ақ құпиясөздер мен растау кодтарын үшінші тұлғаларға бермеуге кеңес береді.

Бұған дейін Ұлттық Банктің психологиялық қысым көрсететін телефон-алаяқтары көбейгенін ескерткенін жаздық.