Ұлттық Банк психологиялық қысым көрсететін телефон-алаяқтары көбейгенін ескертті

Бүгін, 17:26
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ұлттық Банк психологиялық қысым көрсететін телефон-алаяқтары көбейгенін ескертті
Фото: freepik.com

Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкінің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Әдеттегідей олар азаматтардың ақшасына, жеке кабинетіне және банк сервисіне қол жеткізу үшін өзін байланыс операторының, медицина ұйымының, пошта қызметінің немесе мемлекеттік қызмет порталының қызметкері ретінде таныстырады.   

SIM-картаның мерзімін ұзарту, медициналық скринингке жазылу немесе салық есебін ресімдеу секілді түрлі сылтаумен қаскөйлер SMS-кодты қолға түсіруге тырысады. Кейін олар электронды үкіметтің қолдау қызметінен деп азаматтарға қайта хабарласып, белгісіз біреулер атына онлайн-кредит рәсімдеуге белсене әрекет етіп жатқанын хабарлайды. Сөйтіп, соңында көмектеспек болып, «құқық қорғау органы қызметкерлерімен» байланыстырамын деген желеумен мессенджер арқылы сілтеме жібереді.

Сосын өзін құқық қорғау органы қызметкері деп таныстыратын алаяқтар психологиялық қысым көрсету арқылы рәсімделген кредит заңсыз әрекеттерді қаржыландыруға бағытталғанын айтып, шоттар бұғатталады деп қорқытады. Сөздерін растау үшін қолдан жасалған қызметтік куәлік көрсетеді. 

Одан әрі алаяқтар азаматтарды «Ұлттық Банктің қызметкеріне» қайта бағыттайды. Сөйтеді де, аталған қылмысқа өзінің қатысы болмағанын растау керек деген талаппен жаңа кредит рәсімдеп, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға үгіттейді. Сондай-ақ, жинақтарды сақтаймыз деген сылтаумен азаматтарды ақша құралдарын, алтын бұйымдары мен өзге де құнды заттарын курьермен беріп жіберуге үндейді. 

Мұндай жағдайда ескеретін нәрсе бар. Әдетте, алаяқтар өз құрбанымен сөйлескенде телефон желісін үзбей ұстауға тырысады. Сол арқылы олар азаматтарға болып жатқан жағдайды саналы түрде бағалауға мүмкіндік бермей, туыстарымен де, ресми байланыс арналары арқылы мемлекеттік органдармен де кеңесу жолдарын шектейді.

Осындай алаяқтық әрекеттердің көбеюіне байланысты Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтарды күмәнді сілтемеге өтпеуге, SMS-кодты, банк картасының мәліметтері мен басқа да жеке деректерді үшінші тараптағы адамдарға бермеуге шақырады. Өзін қандай да бір мемлекеттік органның немесе Ұлттық Банктің қызметкері ретінде таныстыратын бейтаныс біреуден қоңырау түскен жағдайда, әңгімені дереу тоқтатып, мән-жайды анықтау үшін әр азамат өз бетінше ресми нөмірлерге қоңырау шалып білгені жөн.

Қосымша хабарлаймыз, Ұлттық Банк қызметкерлері азаматтарға аудио-видеоқоңырау шалмайды, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейді.

Алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуге кеңес береміз.