2026 жылдың бес айында бюджеттің кірісі жоспардан асып түсті

2026 жылдың бес айында бюджеттің кірісі жоспардан асып түсті
Фото: magnific.com

Биыл қаңтар-мамыр аралығында мемлекеттік бюджеттің кірісі жоспардағы көрсеткіштен артығымен орындалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржы министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, бюджетке 11,4 трлн теңгеден астам қаражат түсті, бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16% көп. Аталған көрсеткіш экономикалық белсенділіктің орнықты серпіні мен бюджет түсімінің өсімін байқатып отыр.

«Республикалық бюджеттің кірісі 100,9% орындалды. Жоспар бойынша 7,34 трлн теңге көзделгенімен нақты түсім 7,41 трлн теңгеге артқан. Бұл жоспарланған межеден 66,7 млрд теңгеге жоғары екенін айғақтайды. Республикалық бюджет кірісінің өсім қарқыны былтырға қарағанда 25,1% немесе 1,48 трлн теңгеге көп», делінген хабарламада.

Жедел деректерге сүйенсек, жергілікті бюджеттердің кірісі 4,05 трлн теңгеге ұлғайған. 2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы кезеңмен салыстырғанда жергілікті бюджеттердің түсімі 2,4 пайызға өскен.

Республикалық бюджеттің кірістер құрылымында (трансферттерсіз) 97,7% салық түсіміне тиесілі. Соған сәйкес жоспар 100,5% орындалып, өсім 30,6%-ға ұлғайтылды. Айтарлықтай өсім қосылған құн салығы, корпоративті табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және шикі мұнайға экспорттық кедендік баж есебінен қамтамасыз етілді. Әлемдік шикізат нарықтарындағы қолайлы баға конъюнктурасы, экономиканың өсімі, іскерлік белсенділік пен салық реформасы кірістердің артуына негізгі фактор болды.

Мемлекеттік бюджет даму бюджетінің мәртебесін сақтап отыр. Ұзақмерзімді экономикалық өсім мен азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болатын инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға баса мән берілген.

Ел дамуының негізгі бағыттарының қатарында – автомобиль жолын салу және жаңғырту, инженерлік және коммуналды инфрақұрылымды жақсарту, көлік-логистикалық дәліздерді дамыту, сондай-ақ энергетика, сумен жабдықтау және цифрландыру саласындағы жобаларды іске асыру бар. Бұл тәсіл өңірлердің байланысын арттыруға, халықтың сапалы қызметтерге қолжетімділігін жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашып, қосымша жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.

Министрліктің мәлімдеуінше, тұтастай алғанда, бес айдың нәтижелері бюджеттің кіріс базасының орнықтылығын, экономикалық белсенділіктің ұлғаюы мен даму бюджетінің сақталуы жағдайында түсімдердің оң динамикасын растап отыр.

Еске салсақ, Астанада денсаулық сақтау саласындағы қаражаттың жұмсалуына бақылау күшейтіледі.