Алматыда жол инженерлерін даярлайтын жаңа кафедра ашылды

Алматыда жол инженерлерін даярлайтын жаңа кафедра ашылды
Фото: Көлік министрлігі

Алматыда «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ (ҚазжолҒЗИ) филиалының базасында жол саласына қажетті білікті мамандарды даярлауға арналған жаңа кафедра ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа білім беру алаңы Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтының (ҚазАЖИ) «Көлік құрылысы және урбанистика» кафедрасы ретінде жұмыс істейді. Жоба ҚазжолҒЗИ мен ҚазАЖИ арасындағы практикаға бағытталған білім беруді дамыту, ғылыми қызметті жетілдіру және жол саласына инженерлік кадрлар даярлау жөніндегі ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды.

Мамандардың айтуынша, еліміздің жетекші жол ғылыми-зерттеу институты базасында кафедраның ашылуы дуальды оқыту жүйесін дамытудағы маңызды қадам саналады. Бұл модель білім беру процесін, ғылыми зерттеулер мен өндірістік тәжірибені бір жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді.

Енді студенттер теориялық біліммен қатар заманауи зертханалық жабдықтарда жұмыс істеп, жол-құрылыс материалдарын сынау әдістерін меңгереді. Сонымен бірге олар институт мамандарының жетекшілігімен нақты инфрақұрылымдық жобаларға қатысып, жаңа технологияларды сынақтан өткізу жұмыстарына араласа алады.

«Бүгінгі таңда салаға оқу барысында-ақ тәжірибе жинақтап, өндірістік процестерді жетік түсінетін мамандар қажет. ҚазжолҒЗИ базасында кафедраның ашылуы жол саласының заманауи талаптарына жауап беретін әрі еңбек жолын бастаған сәттен бастап практикалық жұмысқа дайын инженерлерді даярлауға мүмкіндік береді», – деді ҚазжолҒЗИ Алматы филиалы директорының орынбасары Ғалия Асанова.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәсіл жоғары оқу орындарындағы білім беру мен жұмыс берушілердің талаптары арасындағы алшақтықты азайтады. Нәтижесінде болашақ инженерлер оқу кезінде-ақ заманауи технологияларды меңгеріп, кәсіби ортада жұмыс істеу тәжірибесін жинақтайды.

Жаңа кафедра студенттерді, ғалымдарды және өндіріс өкілдерін біріктіретін тиімді білім беру және ғылыми-практикалық алаңға айналады. Алдағы уақытта ғылым, білім және өндіріс байланысының бұл моделін инженерлік кадрлар даярлаудың өзге бағыттарына енгізу мүмкіндігі қарастырылмақ.

Бұған дейін мобильді зертханалардың Қазақстандағы жол жөндеу жұмыстарына бақылауды күшейткенін жазған едік.