Варшавада Алматыға жаңа тікелей рейстің тұсаукесері өтті
Фредерик Шопен атындағы халықаралық әуежайда Польшаның LOT Polish Airlines әуекомпаниясы жүзеге асыратын Варшава - Алматы - Варшава бағыты бойынша жаңа тікелей әуе рейсінің ресми тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Қазақстанның Варшавадағы елшілігі, мемлекеттік органдар, іскер топтардың және туристік саланың өкілдері, сондай-ақ LOT әуекомпаниясының басшылығы қатысты.
Тұсаукесерде сөз сөйлеген Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің өкілі жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадам болатынын атап өтті.
LOT әуекомпаниясының 2017 жылдан бері Астана мен Варшава арасында тікелей рейстерді табысты орындап келе жатқаны және Қазақстан мен Польша арасындағы тұрақты әуе қатынасын қамтамасыз етіп отырғаны атап өтілді. Қазақстанның ең ірі қаржы, мәдени және туристік орталығы болып саналатын Алматы қаласына жаңа рейстің ашылуы Орталық Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарын дамытудағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.
Сонымен қатар, жаңа бағыттың іске қосылуы Қазақстанның халықаралық көлік байланыстарын дамытуға және еліміздің Еуразия кеңістігіндегі жетекші авиациялық әрі транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайту жөніндегі стратегиялық бағытына да толық сәйкес келеді.
Варшава - Алматы бағыты бойынша рейстер Boeing 737 MAX 8 әуе кемелерімен аптасына төрт рет орындалады.
Еске сала кетсек, ірі еуропалық жүк тасымалдаушы Cargolux Қазақстанға рейстерін қайта жандандырды