Елордада мыңдаған адам қазақшасын «Tildes.kz» клубы арқылы жетілдіруде

Елордада мыңдаған адам қазақшасын «Tildes.kz» клубы арқылы жетілдіруде
Фото: «Tildes.kz» клубынан

Елордада ереже жаттаудан жалыққан, бірақ мемлекеттік тілде еркін көсіліп сөйлегісі келетін ересектер үшін өте тиімді әрі қызықты мүмкіндіктер бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бүгінде қалада ескі үлгідегі академиялық курстарды ысырып тастап, заманауи, интерактивті әдістермен тіл үйрететін бірегей орта қалыптасып үлгерді. Олардың ішіндегі ең сәтті әрі нәтижелі бастамалардың бірі — «Tildes.kz» қазақша сөйлесу клубы.

«Tildes.kz» – бұл ересектерге арналған, қазақ тілін ешқандай қысымсыз, еркін меңгеруге мүмкіндік беретін авторлық жоба. Жобаның басты ерекшелігі — мұнда ешкім мектептегідей баға қоймайды және грамматикалық ережелермен шаршатпайды. Сабақтар тек speaking club (сөйлесу клубы) форматында өтеді. Қатысушылар күнделікті өмірде, жұмыста, дүкенде немесе достар ортасында жиі кездесетін нақты жағдаяттар негізінде пікір алмасып, алғашқы күннен бастап қазақша сөйлеп кетеді.

Клуб заманауи форматының арқасында елордалықтар арасында өте танымал. 2024-2025 жылдары Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы "Руханият" орталығының қолдауымен жүзеге асырылған бұл жоба мыңдаған тұрғынның тілін сындыруға көмектесе бастады.

Жыл сайын клуб сабақтарына шамамен жалпы саны 1 000-ға жуық адам қатысады.

Қатысушылардың ыңғайлылығы үшін А (бастапқы) және В (орта) топтары бөлек қалыптастырылған. Бұл тілді мүлдем білмейтін адамға да, сөйлеуін жетілдіргісі келетіндерге де ортақ тіл табысуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қаладағы 10-нан астам мектеп осы тәжірибені өз ішіне енгізуге сұраныс білдірген. 

Жалпы, сабақтардың мазмұны тренингтік және геймификациялық (ойын) әдістермен толықтырылып, қатысушылар тек тіл үйреніп қана қоймай, өздеріне жаңа әлеуметтік орта, пікірлестер тауып жатыр.

Астана қаласында тұратын және қазақ тілінде сауатты, табиғи әрі таза сөйлеуді мақсат еткен әр адам «Tildes.kz» сөйлесу клубына баруына болады. 2026 жылға арналған жоспар аясында кездесулердің саны артып, тіл үйренушілерге арналған арнайы семинарлар мен қызықты әдістемелік шаралар ұйымдастырылатын болады.