Иранға Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты екі есеге өсті
Қазақстан мен Иран агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Иранның Өнеркәсіп, кен өндіру және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабакпен кездесіп, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы өзара ынтымақтастықтың оң динамикасы аталып өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы аграрлық сектордағы тауар айналымы 55,8 пайызға өсіп, 342 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл екі ел арасындағы жалпы тауар айналымының 79 пайызы.
Ал Қазақстанның Иранға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 97 пайызға артып, 238,5 млн АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар астық жеткізу көлемі екі еседен астам өсіп, 1,1 млн тоннаға жеткен. Оның жалпы құны 225,3 млн АҚШ доллары.
Айдарбек Сапаров Қазақстанның Иранмен аграрлық саладағы байланыстарды нығайтуға ерекше мән беретінін айтты.

«Өнімдеріміз бірін-бірі толықтырып отырады. Бұған екіжақты сауда көрсеткіштерінің тұрақты өсімі дәлел бола алады», – деді министр.
Тараптар кездесу барысында Иранға астық экспортын ұлғайту, халықаралық ветеринариялық және халал талаптарына сәйкес келетін сиыр мен қой етін жеткізу көлемін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Сондай-ақ өсімдік майы мен басқа да азық-түлік өнімін Иран нарығына жеткізу әлеуеті жоғары екені айтылды.

Иранның Өнеркәсіп, кен өндіру және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабак Қазақстанды өңірдегі маңызды серіктесінің бірі ретінде атап өтті.
«Біз өзара тауар айналымын арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тасымалын кеңейтуге, логистикалық бағыттарды дамытуға, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделіміз», – деді ол.
Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Айдарбек Сапаров ирандық инвесторларды ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және терең өңдеу саласындағы жобаларға, әсіресе астық пен майлы дақылдарды өңдеу бағытындағы бастамаларға қатысуға шақырды.
Бұған дейін Жапония мен БҰҰ ДБ Каспий теңізін қолдауға арналған жаңа жобаны іске асырып жатқанын жаздық.