Халықаралық балаларды қорғау күні: психолог ата-аналарға кеңес берді

Бүгін, 08:53
Думан Аманжол Думан Аманжол
Халықаралық балаларды қорғау күні: психолог ата-аналарға кеңес берді
Фото: Балабек Сақтағановтың жеке мұрағаты

Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мереке – балалардың құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігі мен бақытты болашағына қоғам назарын аударуға арналған ерекше күн. Осыған орай психология ғылымдарының докторы, психолог Балабек Сақтағановпен сұхбаттасқан едік. Ол бала тәрбиесі, қазіргі қоғамдағы балалар психологиясы және ата-ананың рөлі жайында ойларымен бөлісті,  деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

– Балабек Кеніштайұлы, бүгінгі ата-ананың бала тәрбиесіндегі басты міндеті қандай?

– Қазіргі уақытта бала тәрбиесі тек білім беру немесе тәртіп қалыптастырумен шектелмейді. Бүгінгі бала өзгеше ортада өсіп келеді: ақпарат көп, өмір қарқыны жылдам, технология күн сайын дамуда. Осындай өзгерістер баланың ішкі әлеміне де әсер етеді. Сондықтан қазіргі ата-ананың міндеті – баланың тамағын, киімін немесе оқуын ғана бақылау емес, оның жан дүниесін түсінуге уақыт бөлу.

Баланың психологиялық жағдайында проблема барын ата-анасы қалай байқай алады?

– Қазір балалар арасында кездесетін психологиялық мәселенің сипаты бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда өзгеріп келеді. Көптеген балалар сырт көзге белсенді, ашық көрінгенімен, ішкі жағынан мазасыздық, қорқыныш, өзіне сенімсіздік немесе жалғыздық сезімін бастан кешіруі мүмкін. Кейбір балалар эмоциясын жеткізе алмай ашуланшақ болады, енді бірі керісінше үндемей, ішіне бүгіп жүреді. Оқу жүктемесі, жоғары талаптар, әлеуметтік желідегі салыстыру мен ересектердің олардың болашағынан күттетін тұстары балалардың эмоционалдық жағдайына әсер етуде.

Ата-аналар көбіне баланың психологиялық жағдайындағы өзгерісті бірден байқамауы мүмкін. Өйткені бала әрқашан өзінің ішкі қиындықтарын сөзбен жеткізе бермейді. Оның орнына мінез-құлқы өзгереді. Бұрын жақсы көрген істеріне қызықпай қалуы, жиі ашулануы, себепсіз жылауы, тұйықталуы, ұйқысының немесе тәбетінің өзгеруі, мектепке немесе балабақшаға барғысы келмеуі – осының барлығы баланың ішкі күйзелісінің белгісі болуы ықтимал. Мұндай кезде ата-ана жазғырудан бұрын түсінуге ұмтылғаны маңызды.

– Гаджет пен әлеуметтік желінің бала психикасына әсері қандай?

– Қазіргі балалар өмірінде гаджет пен әлеуметтік желінің орны ерекше. Телефон мен интернетті толықтай алып тастау мүмкін емес әрі қажет те емес. Бірақ оларды қолдану мәдениеті қалыптаспаған жағдайда баланың психологиялық дамуына әсер етуі мүмкін. Ұзақ уақыт экран алдында отыру баланың назарын тұрақсыздандырып, эмоциялық тәуелділікке әкелуі ықтимал. Әлеуметтік желіде үнемі мінсіз өмір бейнесін көру кей балаларда өзін өзгелермен салыстыруға, өзіне көңілі толмауға себеп болады. Сондықтан ата-ананың міндеті – тыйым салу емес, баламен бірге цифрлық тәртіп қалыптастыру.

– Баланың өзіне деген сенімін қалыптастыру үшін не істеу керек?

– Баланың өзіне деген сенімі оның бала кезінен қалыптасады. Өзіне сенімді бала дегеніміз – ешқашан қателеспейтін бала емес, қателескен кезде өзін жаман сезінбей, қайта әрекет етуге батылы жететін бала. Мұндай сенім ата-ананың қарым-қатынасынан басталады. Баланы өзгемен салыстырмай, оның талпынысын бағалап, ойын тыңдап, өздігінен шешім қабылдауға мүмкіндік беру – тұлғалық дамудың маңызды бөлігі. Кейде қарапайым ғана «сенің қолыңнан келеді» деген сөз баланың болашақ өміріне үлкен әсер етеді. Баланың психологиялық жағдайына сыртқы ортаның ықпалы да өте жоғары. Соның ішінде буллинг пен үйдегі тұрақты ұрыс-керістің кері әсері ерекше. Егер бала өзін қауіпсіз сезінбесе, оның бойында қорқыныш, мазасыздық, тұйықтық немесе агрессия қалыптасуы мүмкін. Үйдегі ересектер арасындағы жанжал бала үшін тек уақытша эмоция емес, ол оның әлемге деген көзқарасына әсер ететін тәжірибе болуы ықтимал. Балалар көбіне айтылған сөзден гөрі, үйдегі эмоционалдық атмосфераны терең қабылдайды.

– Баланы эмоциясын дұрыс жеткізуге қалай үйретуге болады?

– Эмоцияны дұрыс жеткізу де балаға арнайы үйретілетін дағды. Көп жағдайда балаларға «жылама», «ренжіме», «ашуланба» деп айтылады. Бірақ эмоцияны жоққа шығару оны жоймайды. Керісінше, бала өз сезімін түсінбей өседі. Сондықтан ата-ана баланың эмоциясын қабылдап, оны сөзбен жеткізуге көмектесуі керек. Бала өз сезімін ашық айтуды үйренгенде ғана ішкі тұрақтылығы қалыптасады. Тәжірибеде ата-аналар жиі жіберетін қателіктердің бірі – баланы өзгемен салыстыру, шамадан тыс бақылау жасау немесе барлық шешімді өздері қабылдау. Кейде ата-аналар уақыттың орнына материалдық нәрселермен орнын толтыруға тырысады. Алайда, балаға ең керегі – қымбат зат емес, эмоционалдық жақындық пен түсіністік.

– Баланың мектепке немесе балабақшаға бейімделуіне қалай көмектесуге болады?

– Мектепке немесе балабақшаға бейімделу кезеңінде де баланың психологиялық жағдайына ерекше көңіл бөлу қажет. Жаңа ортаға үйрену әр балада әртүрлі жүреді. Сондықтан бұл кезеңде баланы асықтырмай, оның сезімін қабылдап, күн тәртібін реттеп, қолдау көрсету маңызды. Егер баланың мінез-құлқындағы өзгерістер ұзақ уақыт сақталса, эмоционалдық қиындықтары күшейсе немесе күнделікті өміріне әсер ете бастаса, психолог көмегіне жүгінуден қорықпау керек. Психологқа бару – әлсіздік емес, баланың ішкі әлеуетін сақтауға бағытталған саналы қадам. Баланы бақытты етіп тәрбиелеудің негізгі қағидасы өте қарапайым: бала өзін жақсы көретінін сезінуі керек. Бақытты бала – барлық қалауы орындалған бала емес. Бақытты бала – өзін қауіпсіз, маңызды және қабылданған сезінетін бала.

– Балаларды қорғау күні ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Балаларды қорғау күні қарсаңында әр ата-анаға айтарым: балаңызға көбірек уақыт бөліңіз. Күніне бірнеше минут болса да оның жан дүниесіне үңіліңіз. Оның айтқанын тыңдаңыз, сезімін қабылдаңыз, бірге күліңіз. Өйткені баланың есінде үлкен сыйлықтар емес, жанында болған адамдардың жылуы қалады.

– Сұхбатыңызға рақмет.