Астанада ерекше форматтағы Night Run түнгі жүгірісіне 2 мың адам қатысты
Бүгін «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында Night Run бұқаралық түнгі жүгірісі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Жарыс кешкі сағат 20:00-де «Алматы» ауданындағы Триатлон саябағында басталып, қатысушылар 5 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті.
«Астана қаласында жүгіріске деген сұраныс жоғары. Оған дәлел – бүгінгі түнгі жүгіріске бір сәтте 2 мыңға жуық тұрғынның қатысуы. Біз барлық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, тіркелуді онлайн арқылы 2 қыркүйекте сайт арқылы жүзеге асырған едік. Небәрі бір сағаттың ішінде осынша адам тіркеліп үлгерді. Жалпы осы жылдың алғашқы жартыжылдығында Астанада 21-ден астам жүгіру жарысы мен марафон өткізіп үлгеріппіз. Алдағы уақытта да тұрғындарды тұрақты дене белсенділігіне тарту шараларын өткізе береміз», - деді Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.
Жүгірістің бір ерекшелігі – қала тұрғындары ешқандай жарнасыз, тегін түрде қатысып, арнайы жарықтандыру құралы мен естелік медальға ие болуы.

«Қызмет бабымен Астана қаласына ауысып келгеніме көп болмады. Бүгін бірінші мәрте Триатлон саябағында жүгіріп, керемет әсер алып жатырмын. Жарықтандыру құрылғысы да қараңғы жерлерде өз көмегін тигізді. Жалпы осы саябақта жүгіру мен демалуға барлық жағдай жасалған. Жүгірістің де кешкі салқынмен өткізілгені дұрыс шешім деп ойлаймын. Өздеріңіз байқағандарыңыздай, қатысқысы келетіндердің қарасы өте көп болды. Бұл да бір естелік әрі жақсы демалыстың түрі деп есептеймін», - деп шараға қатысушылардың бірі Дархан Сүйімбаев.
Іс-шарада жеңімпаздар анықталмағанымен, мәреге бірінші жетуге тырысқандардың легі көп болды. Нәтижесінде 15-16 минуттық көрсеткішпен Әлібек Нұрмұхамед топ жарды.
«2007 жылдан бері триатлонмен шұғылданамын. Сондықтан күндіз немесе түнде жүгіру сынды жайттарға үйреніп қалғанмын. Соның бір дәлелі – бүгінгі жүгірісте бірінші келуім. Осындай бұқаралық шаралар көп болса, тұрғындарымыздың арасында салауатты өмір салтын ұстанатындардың саны көп болушы еді. Жеке өзім әр сайыста үздік екендігімді дәлелдеуге әрдайым тырысамын» - деді түнгі жүгірістің қатысушысы Әлібек Нұрмұхамед.

Шара соңында қатысушылар арасында лотерея ойнатылып, 10 велосипедтің иегерлері анықталды және барша қатысушылар естелік медальға ие болды.
