Астананы газдандыру 95%-ға жетті: елордада жекеменшік секторды қосу жұмыстары аяқталуда
Астана қаласында газдандыру жобасы 2019 жылы басталған болатын. Бүгінде оның нақты нәтижесі байқалады. Қазіргі уақытта елордадағы барлық дерлік тұрғын алап газбен жабдықтау желілерімен қамтылып, қаланың жекеменшік секторының шамамен 95 пайызы газдандырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Вечерняя Астана» газетіне сілтеме жасап.
Астана қаласы Энергетика басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Есмағұловтың айтуынша, бүгінде 20 мыңға жуық абонент табиғи газға қол жеткізген.
«Бүгінде Астана қаласын газдандыру бағытында өте ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылы басталған жобаның нәтижесін қазір көріп отырмыз. Қаланың барлық дерлік тұрғын алабы газдандыру желілерімен қамтылды. Жалпы Астанадағы газдандыру деңгейі 95 пайызды құрайды.
Көптеген тұрғын газ үйлер мен пәтерлерге дейін жүргізілуі керек деп ойлайды. Алайда табиғи газ негізінен жеке тұрғын үй секторын жылытуға арналған. Қазіргі таңда барлық тұрғын алап газбен жабдықтау желілеріне қосылған және шамамен 20 мың абонент табиғи газды пайдалануға мүмкіндік алды.
Биыл «Өндіріс» тұрғын алабын газдандыру жұмыстары басталды. Сонымен қатар ұлттық оператордың қаражаты есебінен «Қазгородок» және «Гранд Вилландж» тұрғын алаптарын газдандыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар Астанадағы жекеменшік секторды газдандыру жұмыстарының соңғы кезеңі болады.
Елордада табиғи газды пайдалану тек тұрғын үйлерді газдандырумен шектелмейді. Соңғы жылдары қаланың жылумен жабдықтау жүйесін дамыту бағытында да бірқатар ірі жоба жүзеге асырылды.
2020 жылдан бастап Астанадағы жылу электр орталықтарын табиғи газға көшіру жобасы қолға алынған. Үш жыл ішінде аталған жұмыстар толық аяқталып, бүгінде ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 табиғи газбен жұмыс істейді.
Табиғи газдың келуі елордадағы жылу тапшылығы мәселесін азайтуға да мүмкіндік берді. Бұған дейін қалада жылу жүйесіне қосылуға қатысты белгілі бір шектеулер болған. Ал газбен жұмыс істейтін жаңа жылу станцияларының іске қосылуы жылумен жабдықтау жүйесінің қуатын арттыруға жол ашты.
Қазіргі уақытта Астанада екі газ жылу станциясы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар тағы бір жаңа станцияның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл – Қазақстанда баламасы жоқ, табиғи газбен жұмыс істейтін автоматтандырылған әрі экологиялық таза нысан. Әрбір жылу станциясы 300-ден 600 гигакалорияға дейін жылу энергиясын өндіруге қауқарлы.
Газдандыру жобасын жүзеге асыру барысында елордада газ сақинасы да салынды. Яғни қала газбен жабдықтау желілері арқылы толықтай сақиналы жүйеге біріктірілген. Бұл жүйе жылу және электрмен жабдықтау салаларындағы энергетикалық сақина қағидатына ұқсас жұмыс істейді.
Бүгінде аталған газ желісіне Астана агломерациясын қосу жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр. Қазір Косшы қаласы, сондай-ақ Талапкер, Қоянды және басқа да елді мекендер газ желісіне қосылған. Соған сәйкес Ақмола облысы жағынан табиғи газды тұтыну көлемі де артып келеді.
Осыған байланысты болашақта газ тапшылығына жол бермеу мақсатында шамамен бір жарым жыл бұрын жаңа №3 «Астана» автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы басталған. Оның сағатына 350 мың текше метр газ өткізуге қауқарлы қуаты бар. Бұл нысан Қазақстандағы ең ірі автоматтандырылған газ тарату станцияларының бірі болмақ.
Жаңа АГРС алдағы жылдары елорда мен оған іргелес аумақтардың газбен жабдықтау қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қалада табиғи газды жағу арқылы электр энергиясын өндіріп, қажетті көлемде жылу беретін бу-газ қондырғысын салу да жоспарланып отыр.
Осылайша, Астанада жекеменшік секторды газдандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Ал жаңа газ инфрақұрылымының дамуы елорданың жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған»,-деді Мақсат Есмағұлов.