Бүгінмен ғана ойлауға болмайды: Серікзат Дүйсенғазы қазақ тілінің болашағына қатысты пікір білдірді
Қазақ тілінің қазіргі жағдайы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы болғанымен, оған тоқмейілсуге болмайды. Әсіресе, интернет, гаджеттер, жасанды интеллект дәуірінде тілдің болашағына бүгіннен бастап қамдану қажет. Бұл туралы ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, қазақ тілінің 1990 жылдардағы жағдайымен салыстырғанда бүгінде айтарлықтай ілгерілеу бар. Мемлекет те тілдің дамуына көңіл бөліп, түрлі бағытта жұмыстар жүргізіп келеді. Алайда жаңа ақпараттық орта тілге жаңа сын-қатерлер әкеліп отыр.
«Қазақ тілінің қазіргі жағдайына шүкір дейміз. Бірақ осымен бәрі болды деуге болмайды. Әсіресе, интернет, смартфон, гаджеттер пайда болғаннан бері жастардың санасына ақпараттық ортаның ықпалы күшейді. Бұған біз алдын ала қамдануымыз керек», – деді Серікзат Дүйсенғазы.
Ғалымның пікірінше, бұл бағытта ең алдымен балалар мен жастар қызығып көретін, олардың санасына әсер ететін сапалы қазақша контентті көбейту қажет.
«Бізге балалардың сүйсініп көретін, қызығып тыңдайтын контентін көбейту керек. Ұлттық әдебиетіміз, эстрадамыз, телеарналардағы бағдарламалар бар. Бұлардың барлығы санаға әсер етеді. Бұрынғыдан біраз өзгеріс жасадық. Бірақ енді жаңа кезеңге сай жаңа өнімдер қажет», – деді ол.
Серікзат Дүйсенғазы 1990 жылдардағы қазақ эстрадасы мен бүгінгі жағдайды да салыстырды. Оның айтуынша, сол кезеңде қазақша ән тыңдамайтын жастар көп болса, кейін ұлттық бағыттағы өнер өкілдерінің көбеюі бұл ортаны айтарлықтай өзгертті. Дегенмен қазіргі қазақша контенттің сапасына да талап жоғары болуы керек.
«Қазір жастар сүйіп тыңдайтын қазақша әншілер көп. Бұл – үлкен өзгеріс. Бірақ ән мәтіндерінде де мағынасы жұтаң дүниелер кездеседі. Сондықтан бізге сапалы контентті жүйелі түрде қалыптастыратын мемлекеттік бағдарлама қажет», – деді ақын.
Ол тіл мәселесін тек мәдениет немесе тіл саласына жауапты мемлекеттік органдардың міндеті ретінде қарауға болмайтынын атап өтті. Бұл – ұзақ мерзімді мемлекеттік деңгейдегі мәселе.
Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, қазіргі тілдік ахуалды бағалағанда бүгінгі көрсеткішпен ғана шектелмей, алдағы 15-20 жылды ойлау қажет.
«Бүгін тіліміз жақсы, қазақша сөйлеп жатырмыз, мектептеріміз қазақша ашылып жатыр деп мәз болуға болмайды. Тереңірек қарайтын болсақ, әлі де үлкен мәселелер бар. Біз бүгінмен ғана ойламауымыз керек. Ахмет Байтұрсынұлы “Ез бүгіншіл, менікі ертең үшін” деген. Сондықтан ертеңгі күнге қазірден дайындалуымыз керек», – деді ол.
Оның сөзінше, әсіресе, мектеп пен балабақшадағы тәрбиемен ғана шектелу жеткіліксіз. Себебі бала уақытының едәуір бөлігін телефон, компьютер және басқа да цифрлық құрылғылармен өткізеді.
«Бүкіл жауапкершілікті мектеп пен балабақшаға артып қоятын болсақ, кеш қаламыз. Баланың қолындағы телефон, ноутбук, гаджеттер арқылы келетін ақпараттың әсері өте зор. Қазір өзге мемлекеттер шығарып жатқан өнімдердің өзі баланың тілдік ортасына әсер етіп, оны басқа тілге бұрып жібере алады. Бұл – адамның санасына әсер ететін үлкен құрал», – деді Серікзат Дүйсенғазы.
Сондықтан ол балаларға арналған сапалы қазақша цифрлық өнімдерді көбейтуді стратегиялық міндеттердің бірі деп санайды.
«Біз баланың санасына әсер ететін өнімді өзіміз жасауымыз керек. Қазақша сөйлеп жүрген баланың өзін басқа тілге бұрып жіберетін контент бар болса, қазақ тіліндегі балаға да, басқа тілде сөйлейтін балаға да қызықты болатын сапалы өнім ұсынуымыз қажет. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде қарау керек», – деді ол.
Ақын қазақ тілінің болашағын қамтамасыз ету үшін әлемде өз тілін сақтап қалған елдердің тәжірибесін зерттеуді ұсынды.
«Қала салғанда, экономиканы дамытқанда әлемдегі мықты мамандардың тәжірибесіне жүгінеміз. Тіл мәселесінде де солай істеу керек. Өз тілін, мәдениетін сақтап қалған елдер мұны қалай жасады? Солардың тәжірибесін зерттеп, мамандарымен бірлескен форумдар, конференциялар өткізіп, ақылдасу қажет. Бұл мәселенің шешімі бар. Оны шешкен елдер әлемде бар», – деді Серікзат Дүйсенғазы.
Оның пікірінше, Қазақстан сыртқы саясат пен халықаралық байланыстар саласында белгілі бір жетістіктерге жетті. Ендігі кезекте руханият мәселесіне, соның ішінде тілдің болашағына да сондай жүйелі көзқарас қажет.
«ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзін қарасаңыз, сол кездегі негізгі мәселелердің қатарында жер, тіл және дін мәселесі тұрды. Жер мәселесін реттедік, дін мәселесі де белгілі бір деңгейде қалыптасты. Ал тіл мәселесі бүгін бірден мәселе болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ оның алдағы 15-20 жылда анық көрінетін тұстары бар. Сондықтан қазірден жұмыс істеуіміз керек», – деді ол.
Серікзат Дүйсенғазы қазақ тілін ұлттың рухани ғана емес, мемлекеттік және ұлттық бірліктің негізгі тірегі деп бағалайды.
«Тіл – бүкіл ұлттың тірегі, мемлекеттің біртұтастығын қалыптастыратын фактор. Қиын кезеңде қазақтың көп құндылығы жоғалғанымен, тіл халықтың рухын сақтап қалды. Қазақтың тіл арқылы рухтасып, бірлігі бекіп, тәуелсіздікке жетуінің де мәні осында», – деді ол.
Оның айтуынша, тәуелсіздік жағдайында да тілге немқұрайлы қарауға болмайды.
«Тілімізге немқұрайлы қарайтын болсақ, болашақта ұлттық бірлігімізге де қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан тілді күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі ретінде қарауымыз керек. Онымен ойнауға болмайды», – деді Серікзат Дүйсенғазы.
Айта кетейік, Қазақстан халқы тілдері күніне орай қаламгерлер арасында елордада қаламгерлер арасында дәстүрлі «Сөз бен сана» бильярд турнирі өтіп жатыр.