Тілді бір бұйрықпен емес, күнделікті қолданыспен дамыту керек – Еркебұлан Қайназар
Қазақ тілінің дамуы тек заңнамалық талаптармен немесе мемлекеттік деңгейдегі шешімдермен шектелмейді. Оның болашағы әр отбасының тілдік ортасы мен әр азаматтың күнделікті ұстанымына тікелей байланысты. Бұл туралы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназар айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның сөзінше, қазақ тілінің, ұлттық рух пен қазақы болмыстың негізгі ошақтарының бірі – ауыл. Ал қалалық ортада мемлекеттік тілдің қолданысын әлі де кеңейту қажет.
«Қазақ тілінің қазіргі жағдайын екі жақты қарауға болады. Негізінде, тіліміздің, рухымыздың, қазақылығымыздың негізгі ошағы болып тұрған – ауылдық өңірлер. Ал қаладағы қазақ тілінің жағдайын өте керемет деп айта алмаймыз», – деді Еркебұлан Қайназар.
Айтыскер ақын тілдің тағдыры бір ғана заңмен немесе бұйрықпен шешілмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл ретте отбасының жауапкершілігі айрықша.
«Қазақ тілінің дамуы, өркендеуі, таза сақталуы – өзін “қазақпын” деген әр азаматтың мойнындағы үлкен парыз. Қазір ақпараттық кеңістіктің ауқымы өте кең. Өзге тілдегі ақпараттың көптігі қазақ отбасыларындағы балалардың тілдік ортасына да әсер етеді. Мұның бәрі – әр отбасы назар аударатын мәселе», – деді ол.
Сонымен қатар Еркебұлан Қайназар қазақ тілінің халықаралық және технологиялық кеңістіктегі қолданысы біртіндеп кеңейіп келе жатқанын айтты.
Оның сөзінше, қазақ тілінің ірі цифрлық платформаларға енуі, сондай-ақ жасанды интеллект пен отандық технологиялық жобаларда қолданылуы – тілдің жаңа ақпараттық дәуірге бейімделуінің маңызды көрсеткіші.
«Қазақ тілінің Google сияқты ірі технологиялық ортаға енуі, одан бөлек Қазақстан балалары жасап жатқан технологиялық жобаларда қазақ тілінің қолданылуы – тіліміздің өркендеуіне үлес қосып жатыр. Қазір ақпарат дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан қазақ тілінің технологиялық кеңістікке біртіндеп енуі өте маңызды», – деді айтыскер ақын.
Еркебұлан Қайназардың пікірінше, қазақ тілінің халықаралық деңгейдегі қолданысын кеңейту жүйелі әрі дипломатиялық жұмыстарды қажет етеді.
«Бұл бір күшпен немесе өтінішпен жасалатын нәрсе емес. Мұның барлығы жүйелі, дипломатиялық қадамдар арқылы жүзеге асады. Қазақ тілінің ақпараттық және технологиялық кеңістікке енуі – осындай жұмыстардың нәтижесі. Тілдің жаңа кеңістікке жайлап енуі оның болашағына деген сенімді күшейтеді», – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстан халқы тілдері күніне орай қаламгерлер арасында елордада қаламгерлер арасында дәстүрлі «Сөз бен сана» бильярд турнирі өтіп жатыр.