Сөзден іске көшіп бара жатқандаймыз: Серік Сейітман тіл саясатындағы жаңа үрдіс туралы
Қазақстандағы тіл саясаты енді тіл мәселесін көтеріп, оны талқылаумен ғана шектелмей, мемлекеттік тілді нақты қолданыс арқылы көрсететін кезеңге өтіп келеді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ аға оқытушысы Серік Сейітман осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, бұған дейін қазақ тілінің мәселесін зиялы қауым өкілдері мен депутаттар Парламент қабырғасында үнемі көтеріп келді. Ал қазіргі кезеңде тілдің мәртебесін сөзбен емес, нақты іспен көрсетудің маңызы артып отыр.
«Біз сөзден іске көшіп бара жатқан мемлекет сияқтымыз. Бұған дейін тіл мәселесін көптеген зиялы қауым өкілдері көтерді. Парламентте де бұл тақырып жиі айтылды. Ал қазір тіл мәселесін көтергеннен гөрі, өзі мемлекеттік тілде сөйлеп, өзгелерге үлгі болатын тұлғалардың болғаны маңызды деп ойлаймын», – деді Серік Сейітман.
Қаламгер, әсіресе, өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілде еркін сөйлеуін маңызды үрдіс ретінде бағалайды. Оның пікірінше, мұндай тұлғалардың қоғам алдына шығуы басқа азаматтарға да оң ықпал етеді.
«Құрылтай құрамында өзге ұлт өкілдері бар. Сол азаматтар тіл мәселесін арнайы көтермей-ақ қойсын, бірақ мемлекеттік тілде сөйлесін. Бұл – бір жағынан, өзге этнос өкілдеріне мемлекетшіл болуға, мемлекеттік тілді меңгеруге үлкен мотивация. Ал қазақтарға да бұл белгілі бір жауапкершілік пен намыс сезімін оятуы мүмкін», – деді ол.
Серік Сейітманның айтуынша, мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнын арттырудың бір жолы – қазақ тілін күнделікті өмірде және қоғамдық кеңістікте нақты қолданатын тұлғалардың қатарын көбейту.
«Біз тілдің мәселесін көтере бергеннен гөрі, тілдің өзін қолдануға көшсек, бұл үлкен нәтиже болады. Өзге этнос өкілдері ел алдында қазақша сөйлеп отырса, бұл – мемлекет ретінде қол жеткізген жетістіктеріміздің бірі. Сондықтан мен мұндай қадамды қолдаймын», – деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Ол тілдің болашағын айқындайтын басты көрсеткіштің бірі – мемлекеттік тілдің қоғамдағы табиғи қолданысы екенін атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстан халқы тілдері күніне орай қаламгерлер арасында елордада қаламгерлер арасында дәстүрлі «Сөз бен сана» бильярд турнирі өтіп жатыр.