Елордада Bala Fest-2026 ауқымды балалар фестивалі өтті

Елордада Bala Fest-2026 ауқымды балалар фестивалі өтті
Фото: Қанат Байұзақов

Мерекелік шара «Астана» саябағындағы Олимпиада сақиналары орналасқан алаңда ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бағдарлама спорттық, танымдық, технологиялық және шығармашылық бағыттарды қамтитын 11 түрлі сайыс түрін қамтыды.

Жас қатысушылар VEX робототехникасы, робо-сумо және робофутбол бойынша шеберлік сабақтары мен сайыстарда бақ сынады. Сондай-ақ асық ату, ерекше асық ойнау әдісі арқылы инклюзивті балаларға бейімделген бочча, ләңгі тебу, жерде сурет салу және басқа да қызықты ойындар қарастырылған.

«Жаз мезгілінде балаларға арналған KIDS RUN жүгіру шарасын 4 мәрте ұйымдастырдық. Мектеп және мектеп жасына дейінгі балаларды толықтай қамтыдық десек болады. Енді оқу жылы басталған сәтте білім мен спортты байланыстырып, алғаш рет 200 баланың қатысуымен  Bala Fest фестивалін өткізіп жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, жақында ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні де болашақтың басты бағыты ретінде атап өткен болатын. Осындай идея біздің шарамызға белсенді қатысып жатқан ата-аналардың бастамасы дегім келеді. Енді алдағы уақытта да шараларды жалғастыратынымызға сенімдіміз», - деді Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Бұдан бөлек, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында полиция өкілдері жол қозғалысы ережелерін сақтау, көшедегі қауіпсіздік пен жауапкершілік жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

«Бүгінгі фестивальді әлеуметтік желіден оқып, келдім. Маған ұнады. Балалар өте көп. Мерекелік атмосфера сезіледі. Жеке өзім жаз бойы балаларға арналған жүгірістерге белсенді қатыстым. Бүгін жерде сурет салу байқауында сынға түсуге шешім қабылдадым», – деді 8-сынып оқушысы Гүлжан Тұрғанбай.

Айта кетейік, фестивальге 15 жасқа дейінгі балалар қатысты. Сайыстар қорытындысында үздіктер анықталып, дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.