Астанада Қазақстан халқы тілдері күніне арналған дөңгелек үстел өтті
Астанадағы Достық үйінде Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Абай сөзі – мәдениеттер арасындағы көпір» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараны «Радима» Беларусь этномәдени орталығы ұйымдастырды. Кездесуде Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы, оның туындыларының беларусь тіліне аударылуы және әдебиеттің мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтудағы маңызы сөз болды.
«Радима» Беларусь этномәдени орталығының төрағасы Дмитрий Останьковичтің айтуынша, дөңгелек үстелді Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткізу кездейсоқ емес. Оның пікірінше, Абай шығармаларын беларусь тіліне аудару өзге ұлт өкілдеріне қазақ халқының мәдениеті мен құндылықтарын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
«Абайды аудару – маңызды әрі жауапты жұмыс. Оның мұрасы тек қазақ халқына емес, бүкіл адамзатқа ортақ. Абайдың ой-тұжырымдары беларусь оқырмандарының да көңілінен шығады деп сенемін», – деді Дмитрий Останькович.
Кездесуде Абай шығармаларының беларусь тіліндегі аудармалары да таныстырылды. 2011 жылы беларусь ақыны Микола Метлицкийдің аударуымен ойшылдың бірқатар шығармасы беларусь тілінде жарық көрген.
Дөңгелек үстелге қатысушы Күләш Қосбармақова Абай мұрасын түрлі тілдерге аударудың маңызын атап өтті.
«Абайдың «Қара сөздері» мен басқа да шығармаларын түрлі тілдерге аудару өте маңызды. Абайдың мұрасы жастар мен кейінгі ұрпақ үшін де аса құнды. Оның даналық сөздерінен әр адам өзіне қажетті ой түйіп, көп нәрсе үйрене алады», – деді Күләш Қосбармақова.
Дөңгелек үстел барысында Абай шығармаларының әр буын үшін маңызы, әдеби аударманың мәдениеттер арасындағы диалогты дамытудағы рөлі талқыланды. Сондай-ақ қазақ және беларусь халықтарына ортақ қонақжайлық, үлкенді сыйлау, ұлттық дәстүрді сақтау сияқты құндылықтар сөз болды.
Кездесу соңында қатысушылар әдеби мұраны түрлі тілдерге аудару мәдени әралуандықты сақтауға және әр халықтың көрнекті тұлғаларының шығармаларын ана тілінде тануға мүмкіндік беретінін атап өтті. Шара барысында Абайдың шығармалары беларусь тілінде оқылды.