Шархан Қазығұл: Қазақ тілін сақтай отырып, әлемдік тілдерді меңгеру қажет
Тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінің қоғамдағы орны айтарлықтай өзгерді. Бұрын қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде орнығуын армандаған буын бүгінде оның түрлі салада біртіндеп кеңейіп келе жатқанын көріп отыр. Бұл туралы жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шархан Қазығұл айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қаламгер кеңестік кезең мен тәуелсіздік жылдарындағы қазақ тілінің жағдайын салыстыра отырып, қазіргі өзгерістерге оң бағасын берді.
«Кеңес Одағы кезінде де, тәуелсіздіктің соңғы 30 жылында да бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек еттік. Осы екі кезеңді салыстырсақ, жер мен көктей. Тәуелсіздіктің арқасында өз тіліміздің қадір-қасиетін түсіндік. Бұрын “Қазақ тілінің көсегесі қашан көгереді?” деп армандайтынбыз. Қазір қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде орныққанына көзіміз жетіп отыр», – деді Шархан Қазығұл.
Оның айтуынша, ендігі міндет – мемлекеттік тілдің басқару ісінде, ғылымда және елдің барлық саласында толыққанды қолданылуына қол жеткізу.
«Қазақ тілінің мәртебесі өз тұғырына қонды. Ендігі міндет – оның мемлекеттік басқаруда, ғылымда және мемлекетіміздің барлық саласында орнығуы. Өйткені әлі де көптеген жерде іс жүргізу толықтай қазақ тіліне көшті деп айта алмаймыз», – деді ол.
Қаламгердің айтуынша, бүгінде қазақ тілін үйренуге де мүмкіндік молайған.
«Бұрынғыдай қазақ тілін үйрену қиын, іске аспайтын нәрсе деп елестетуге болмайды. Қазір қазақ тілін үйренемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Түрлі қосымшалар мен басқа да құралдар жұмыс істеп тұр», – деді ол.
Шархан Қазығұл қазіргі жастардың тіл үйренуге деген ұмтылысын да оң бағалады. Оның пікірінше, бүгінгі буын қазақ тілін сақтай отырып, әлемдік тілдерді меңгеруге мүмкіндік алып отыр.
«Қазіргі қазақ жастарына үмітпен қараймын. Көптеген жастар қазақ тілімен бірге ағылшын және басқа тілдерді меңгеріп жатыр. Әсіресе, шетелде оқып келген немесе білім алуға ұмтылатын жастардың бірнеше тілді игеруге талпынысы қуантады», – деді ол.
Қаламгердің айтуынша, ағылшын тілін меңгеру жастарға әлемдік ақпаратты түпнұсқадан тікелей алуға мүмкіндік береді.
«Кеңес Одағы кезінде әлемдік ақпаратты негізінен орыс тілі арқылы игердік. Ағылшын тілінде алғаш жарияланған ақпарат бізге бірнеше жылдан кейін ғана аударылып жететін. Ал қазіргі жастар қажетті ақпаратты бірден ағылшын тілінен ала алады. Бұл – олардың білімін кеңейтуге үлкен мүмкіндік», – деді Шархан Қазығұл.
Ол қазіргі жағдайдың қазақ тілі үшін де қолайлы екенін атап өтті. Себебі ана тілін жақсы меңгерген, сонымен бірге ағылшын тілін білетін жаңа буынның мүмкіндігі кең.
«Қазақ тілін толық игерген адам ағылшын тілін де меңгерсе, оның мүмкіндігі әлдеқайда мол. Қазіргі жастардың болашағы біздің буынның кезіндегіден жарқын деп ойлаймын. Өйткені бүгінгі ұрпақ әлемдік ақпаратты тікелей игере алады», – деді жазушы-публицист.
Айта кетейік, Қазақстан халқы тілдері күніне орай қаламгерлер арасында елордада қаламгерлер арасында дәстүрлі «Сөз бен сана» бильярд турнирі өтіп жатыр.