Газ келген соң үйіміз жылы әрі тұрмысымыз қолайлы болды: Астана тұрғыны сала мамандарына алғыс білдірді

Газ келген соң үйіміз жылы әрі тұрмысымыз қолайлы болды: Астана тұрғыны сала мамандарына алғыс білдірді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Бүгін Қазақстанда Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға үлес қосып жүрген сала мамандарының еңбегі ерекше. Соның бір дәлелі – елордадағы тұрғын алаптарды газдандыру жұмыстары. Өткен жылы Астанадағы «Тельман» тұрғын алабына газ құбыры тартылып, жергілікті тұрғындардың тұрмысын жеңілдеткен маңызды жоба жүзеге асырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Астана қаласындағы «Тельман» тұрғын алабы, Мұғалжар көшесінің тұрғыны Танзилә Шарипова жүргізілген газдандыру жұмыстарының тұрғындар үшін маңызы зор болғанын айтып, осы іске үлес қосқан мамандар мен жауапты мекемелерге алғыс білдірді.

– Біз «Тельман» тұрғын алабында тұрамыз. Өткен жылы біздің тұрғын алапқа газ құбыры тартылды. Бұл – тұрғындар үшін көптен күткен әрі зор қуантқан жаңалық болды. Газ келгеннен кейін тұрмысымыз айтарлықтай өзгерді. Ең алдымен, үйлеріміз бұрынғыдан әлдеқайда жылы болды. Әсіресе, елорданың қысы қатты екенін ескерсек, көгілдір отынның тұрғындар үшін қаншалықты маңызды екенін күнделікті өмірде анық сезінеміз.

Газдың келуі біздің тұрмысымызды әлдеқайда қолайлы етті. Үйді жылыту мәселесі жеңілдеп, тұрғындардың жағдайы жақсарды. Сонымен қатар газдың қауіпсіз әрі ыңғайлы болуы да әрбір отбасы үшін маңызды. Сондықтан тұрғын алабымызды газдандыру – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған өте қажет әрі маңызды бастама болды.

Осы орайда газ құбырын тарту жұмыстарын сапалы және уақытылы жүргізген «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының мамандарына шынайы алғысымды білдіремін. Мұндай ауқымды жұмыстың артында үлкен еңбек пен жауапкершілік жатқанын жақсы түсінеміз. Мамандардың кәсібилігі мен атқарған еңбегінің нәтижесін бүгінде тұрғындар күн сайын көріп, игілігін сезініп отыр.

Сондай-ақ «Тельман» тұрғын алабын газдандыру мәселесіне қолдау көрсеткен Астана қаласының әкімдігіне және Энергетика басқармасына да ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Бірлескен жұмыстың арқасында тұрғындардың көптен күткен мәселесі шешімін тауып, жүздеген отбасының тұрмысы жақсарды.

Бүгін Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы салада еңбек етіп жүрген барша мамандарды шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің энергетикалық саласының дамуына, халықтың игілігіне және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне үлес қосып жүрген әрбір қызметкердің еңбегі зор. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және еңбектеріңізге табыс тілеймін. Халық үшін атқарып жүрген маңызды жұмыстарыңыз әрдайым жемісті болып, еңбектеріңіз ел игілігіне қызмет ете берсін! – деді Танзилә Шарипова.