Тоқаев Қазақстан құрамасын көшпенділер ойындарындағы табысты өнерімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұлттық құрамасын VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында табысты өнер көрсетуімен құттықтады. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Президент осынау жоғары нәтижеге спортшыларымыз тайсалмас табандылықтың, жанқиярлық еңбек пен мұқалмас ерік-жігердің арқасында жеткенін атап өтті.
Мемлекет басшысы чемпиондар мен жүлдегерлерге, бапкерлер құрамына және барша мамандарға шынайы ризашылығын жеткізіп, мұндай ерен жетістіктер Қазақстанның ұлттық спорт түрлері дамыған ел ретінде халықаралық беделін асқақтата түсетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың ең беделді сайыстарда биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында топ жарды.