Астанада оңтүстік өңірлерден есірткі жеткізу арнасы тоқтатылды - ІІМ
Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп« қағидатын іске асыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елордадағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері еліміздің оңтүстік өңірлерінен жеткізілетін «каннабистік топтағы» есірткі заттарының тұрақты жеткізу арнасының жолын кесті.
Осы жылдың 26 мамырында жүргізілген ұзақ мерзімді жедел әзірлеме нәтижесінде екі ер адам бір мезетте ұсталды.
Олардың автокөлігі мен тұрғылықты мекенжайын тінту барысында Шу өңірінен шыққан 3 келі және 7 келі гашиш есірткі заты анықталып, тәркіленді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 10 келіден асты.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта есірткі заттарын тасымалдауға және жеткізуге қатысы бар өзге де тұлғалар анықталуда. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Елімізде есірткі жеткізу арналарының жолға қойылуына бағытталған кез келген әрекеттердің жолы дереу кесілетін болады.
Еске салайық, бұған дейін ІІМ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралардың қорытындысын шығарғаны туралы жаздық.