ІІМ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралардың қорытындысын шығарды
Ішкі істер министрлігі «Қауіпсіз жол», «Назар аударыңыз – балалар!» және «Есептегі тұлға» жедел-профилактикалық іс-шараларының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жүргізіліп, азаматтар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға, құқықтық сананы арттыруға және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік мәдениетін орнықтыруға бағытталған. «Қауіпсіз жол» және «Назар аударыңыз – балалар!» іс-шаралары аясында жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді. Жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу және олардың қауіпсіздігі үшін ересектердің жауапкершілігін арттыру жөнінде шаралар қабылданды.
Нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны, сондай-ақ жол апаттарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің көрсеткіші төмендеді. «Есептегі тұлға» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған азаматтарға тексерулер жүргізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – қайталама қылмыстардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайту. Қорытынды бойынша бұрын сотталған азаматтар арасындағы қылмыс деңгейінің төмендегені байқалады.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды заң талаптарын сақтауға, жол қозғалысы ережелерін орындауға және жеке қауіпсіздігі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік және әкімшілік полиция бөліністерінің жедел-қызметтік жұмысының нәтижелері қаралды. Аумақтық полиция департаменттеріне «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» заңның негізгі талаптары жеткізіліп, оларды сапалы іске асыру бойынша міндеттер жүктелді. Жазғы демалыс кезеңінде азаматтардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. ІІМ басшылығы арнайы мекемелер жұмысының ұйымдастырылуын, сондай-ақ азаматтардың құқықтарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.