Қазақстанның ІТ-нарығы Dealroom-ның 10 экожүйесінің қатарына енді
Еліміз ресми түрде Rising Stars санатындағы үздік 10 елдің қатарына енді. Бұл нәтиже Қазақстанның өсіп келе жатқан инвестициялық тартымдылығын және оның өңірдегі технологиялық хаб ретіндегі позициясын көрсетеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Көшбасшылар ондығына кіру ІТ-кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүйелі жұмыстар арқасында мүмкін болды. Бүгінгі таңда елімізде жасанды интеллект пен перспективалы әзірлемелерге баса назар аудара отырып, технологиялық компанияларды өсудің барлық кезеңінде қолдаудың экожүйесі құрылған. Бұл жұмыстың практикалық тиімділігі нақты цифрлармен көрініс тапты. Соңғы бес жылда Astana Hub резиденттерінің жалпы табысы 4,9 млрд долларға жетті, ал инвестиция көлемі 910 млн доллардан асты. Акселерация және инкубация бағдарламалары қазақстандық стартаптарға ауқымын кеңейтуге, серіктес табуға және сыртқы нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
«Отандық экожүйенің мұндай жоғары деңгейде танылуы Қазақстанның технологиялық секторы жаһандық аренада толыққанды ойыншыға айналып жатқанын дәлелдейді. Еліміз тек сандық өсімді көрсетіп қана қоймай, технологиялық жобаларды ауқымдандыру үшін сапалы жағдайлар жасауда, бұл біздің нарықты ірі халықаралық инвесторлар үшін түсінікті әрі тартымды етеді», - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Бұл бағалау Dealroom.co аналитикалық платформасының The Global Tech Ecosystem Index 2026 рейтингінде ұсынылғанын еске сала кеткен жөн. Кәсіби ортада оның деректері Crunchbase және PitchBook сияқты ресурстармен қатар индустриялық стандарт болып саналады.

Айта кетейік, Dealroom индексі 77 елдегі 325 қаланы қамтиды және субъективті бағалауларды қоспағанда, нақты математикалық метрикаларға (венчурлық капитал көлемі, компаниялардың құны, патенттер) негізделеді. Бұл ретте, Rising Stars санатында платформа инновациялардың өсуін жан басына шаққандағы жергілікті ЖІӨ-ні және өмір сүру құнын ескере отырып, түзететін арнайы әдістемені қолданады және дамып келе жатқан нарықтардың динамикасын объективті бағалауды қамтамасыз етеді.
Еске сала кетсек, Мәжіліс отандық рейтинг агенттіктерін құруға мүмкіндік беретін заңды қабылдады.