Мәжіліс отандық рейтинг агенттіктерін құруға мүмкіндік беретін заңды қабылдады

Бүгін, 14:59
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Мәжіліс отандық рейтинг агенттіктерін құруға мүмкіндік беретін заңды қабылдады
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс екінші оқылымда «Рейтингтік қызмет туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сондай-ақ, рейтингтік қызметтің құқықтық әрі институционалдық негіздерін қалыптастыруға, рейтинг берілетін тұлғалардың және кредиттік рейтингтерді пайдаланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ кредиттік рейтингтік агенттіктер қызметінің ашықтығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ілеспе түзетулерді қабылдады.

Заң арқылы рейтингтік қызметтің негізгі қағидаттары, соның ішінде ашықтыққа, рейтингтердің сапасына қойылатын талаптар, мүдделер қақтығысын басқару тәртібі және ақпараттың құпиялылығы белгіленеді. Сондай-ақ кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметіне, олардың капиталына, бағалау әдіснамаларына және халықаралық әрі шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану тәртібіне қойылатын талаптар айқындалады.

Түзетулер аясында кредиттік рейтинг алудың ерікті сипаты бекітіліп, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар үшін кредиттік рейтингтің болуы міндеті енгізіліп отыр. Бұдан бөлек, қазақстандық рейтингтік агенттіктер үшін жарғылық капиталдың болуы туралы талап енгізіліп, рейтингтік қызметті жүзеге асыру үшін мемлекеттік дерекқорлардан ақпарат алу мүмкіндігі беріледі.

Құжатта сондай-ақ сұраныс салынбаған және жария емес рейтингтерді беру, соның ішінде рейтингтелетін тұлғаның келісімінсіз беру тәртібі айқындалады.

Ілеспе түзету арқылы уәкілетті органның рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеу және қадағалау бойынша өкілеттігі кеңейеді, ал банктер мен сақтандыру ұйымдарына кредиттік рейтингтік агенттіктердің капиталына инвестиция салу мүмкіндігі беріледі.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар әлеуметтік маңызы бар және мемлекеттік мобильді қосымшалармен тарифсіз қамтамасыз етілетіні туралы жаздық.