«Таза үй – Таза ел»: қағаз қалдықтарынан түскен қаржы ауланы абаттандыруға жұмсалады

«Таза үй – Таза ел»: қағаз қалдықтарынан түскен қаржы ауланы абаттандыруға жұмсалады
Фото: Сұлтан Сейіт

Астанадағы «Бұқар жырау» тұрғын үй кешенінің ауласында Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Мерекелік жиынға Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы Су нысандары және қалдықтарды басқару бөлімінің басшысы Жанар Сәдуақасова, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Талғат Омаров, «Жасыл даму» АҚ Қалдықтармен жұмыс істеуді ұйымдастыру департаментінің менеджері Сәкен Шаймұрат, «Астана қағазы» ЖШС директоры Нұркен Олжабай қатысты.

Іс-шара барысында балалар арасында шағын футбол турнирі ұйымдастырылып, аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды. Бүлдіршіндерге тәттілер таратылып, жарыс жеңімпаздары марапатталды.

Жиынның негізгі мақсаты – балалар мерекесін атап өтумен қатар тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесін насихаттау.

Қатысушылар балаларды мерекемен құттықтап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау әр тұрғынның күнделікті дағдысына айналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте «Таза үй – Таза ел» жобасы аясында аталған тұрғын үй кешеніне картон мен қағаз қалдықтарын сұрыптап тастауға арналған тор қойылған. Онда жиналған шикізатты екі-үш күн сайын «Астана қағазы» ЖШС мамандары алып кетеді. Келісі 25 теңгеден есептеледі. Түскен қаражат тұрғын үй ауласын абаттандыруға жұмсалады.

Іс-шара барысында «Таза үй – Таза ел» жобасын жүзеге асыруға белсенді үлес қосқаны үшін МИБ төрағасы Ержан Әбдіқалықовқа «Нұра» ауданы әкімінің алғыс хаты табысталды.

«Біздің үй маңына «Таза үй – Таза ел» жобасы бойынша картон мен қағазды және пластиктерді сұрыптап бөлек тастау үшін арнайы тор қойылды. Қазір тұрғындар біртіндеп қағаз қалдықтарын тастап жатыр. Бірақ бізде қалдықты әлі де сұрыптап тастау мәдениеті толық қалыптаспаған. Кейбір адам қорап күйінде тастай салуы мүмкін. Тағы бірі ішіндегі жеміс-жидек, тамақ қалдықтарымен бірге тастайды. Сондықтан күніне бір уақыт қораптарды жыртып, реттеп шығуыма тура келеді. Алдағы уақытта қалдықтан түсетін қаражат есебінен жалақысына қосып бере алсақ, бұл жұмысты аула сыпырушыға жүктейміз», – деді Ержан Әбдіқалықов.

МИБ төрағасының сөзінше, алғашқы айда 1 тонна картон мен қағаз жиналған. Келісі 25 теңгеден есептелгенде 25 мың теңге қаражат түскен. Оның бір бөлігінен салық төленіп, қалған сомасына ауладағы футбол алаңы қақпасының торы сатып алынған.

«Астана қағазы» ЖШС директоры Нұркен Олжабай осы тұрғын үй кешеніндегі картон-қағаздарды, пластиктерді 2-3 күн сайын жинап отыратындарын айтады. Оның сөзінше, қазіргі таңда аталған тұрғын үй тұрғындары қағаз қалдықтарын жинап тастауға әдеттеніп келеді.

«Бастапқыда қағаз жиналмай тасталғандықтан, жүк көлігіне тез толып, бар-жоғы 50 келі болатын. Қазіргі уақытта толтырып алып кеткен қағаздар салмағы 200 келіге дейін жетеді», – деді ол.

Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудың маңыздылығына тоқталған мамандар мұндай бастамалардың тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Айта кетейік, «Таза үй – Таза ел» жобасы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының бастамасымен былтыр желтоқсанда алғаш болып елордада қолға алынған. ЖСП Астана қалалық филиалының төрағасы Талғат Омаровтың айтуынша, қазіргі таңда аталған жоба еліміздің 5 өңірінде іске асырылып жатыр. Астана бойынша 150-170 тұрғын үй кешені тарапынан қағаз бен пластик қалдықтарын сұрыптап тастау жөнінде өтінім түскен. Қазіргі уақытта 5 тұрғын үйге қойылған.

Бұған дейін елордада «Bala energy» open-air фестивалі өткенін жазған едік.