Елордада Bala energy open-air фестивалі өтті
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елордада Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен Bala energy open-air фестивалі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Балалардың шығармашылық әлеуетін ашып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды мақсат еткен фестиваль түрлі жастағы жасөспірімдер мен оқушылардың басын қосты.
Ашық аспан астында өткен мерекелік шараның аясында балалар үшін спорт жарыстары, шығармашылық көрмелер, шеберлік сабақтары мен концерттік қойылымдар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қатысушылар түрлі ойын-сауық және еркін шығармашылық алаңдарда, интерактивті ойын аймақтары және фотоаймақтарда өнерін сынап көрді.
«Бүгін біз жыл сайын 100-ге жуық тәрбиеленушіні қабылдайтын Жазғы шығармашылық мектебінің ашылуын өткіздік. Бұл мереке тәрбиеленушілерге, олардың ата-аналарына және қаланың тұрғындарына арналған. Біз қаланың жағалау аймағында орналасқандықтан, осы игі дәстүрді 38 жылдан бері жалғастырып келеміз. Жыл сайын мерекелік бағдарлама жаңартылып, оған түрлі шығармашылық ұжым қатысады. Балалар мен жетекшілер бұл шараға жыл бойы дайындалады», - дейді Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының директоры Алмагүл Жапарова.

Мерекелік шара барысында мектеп және студенттік парламенттің белсенді мүшелері марапатталып, олардың қоғамдық өмірге қосқан үлесі ерекше аталып өтті.
«Бұл шараның тағы бір маңызды мақсаты – балаларға Оқушылар сарайында жұмыс істейтін көптеген үйірмелер мен секциялар туралы кеңінен таныстыру. Бүгінде фестиваль аумағы бірнеше тақырыптық аймаққа бөлінген. Мысалы, өнер аймағында жыл бойы шығармашылықпен айналысқан балалардың дайын жұмыстары көрмеге қойылды. Сонымен қатар балалар бүгін алғаш рет сурет салып, қызықты шеберлік сабағына қатысып көреді», - деп атап өтті директоры Алмагүл Жапарова.
Фестиваль балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, олардың белсенділігін арттыруға және мерекелік көңіл күй сыйлауға бағытталған маңызды алаңға айналды.






Мадина Ізекенова