Түркістан облысында 1,1 мың тонна қауын мен қарбыз жиналды
Түркістан облысының фермерлері биылғы бақша дақылдарының алғашқы өнімін ала бастады. Бүгінгі күнге дейін 600 тонна қарбыз және 500 тонна қауын жиналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы бау-бақша жағынан елдегі алдыңғы қатарлы аймақтардың бірі. Биыл қарбыз егіс алқабы 20 мың гектар, ал қауын алқабы 42 мың гектар болды. Ауа райының қолайлылығының, заманауи агротехнологияларды қолдану және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кәсібилігінің арқасында ерте әрі сапалы өнім алынды.
Бақша дақылдары егілген алқаптардың көп бөлігі Жетісай ауданында. Биыл мұнда 80 мың гектар суармалы жерге егін егілді, оның 17,1 мың гектарын бақша дақылдары алып жатыр.
Жаңа өнімнің алғашқы легі Қазақстанның ірі қалаларына жөнелтілді. Сонымен қатар Ресей Федерациясына экспорттау басталды.

Алдағы апталарда жинау жұмыстарының қарқыны арта түспек. Өндіріс көлемінің ұлғаюы ішкі нарықты отандық бақша өнімдерімен толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорттық тасымалдарды кеңейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Өңірде өнім жинау жұмыстары жалғасуда. Түркістандық шаруалар бақша дақылдары бойынша, облыс көлемінде ішкі және сыртқы нарықтарға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуші негізгі өңірлердің бірі ретінде орнын одан әрі нығайтуды көздеп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысының диқандары алғашқы қарбыз өнімін жинай бастағаны туралы жаздық.