Қазақстанда көмірден газ, дизель отыны және кокс өндірілмек

Қазақстанда көмірден газ, дизель отыны және кокс өндірілмек
Фото: magnific.com

Қазақстанның бай көмір қоры жаңа жоғары технологиялық өндірістер құруға және көмірді терең өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бүгінде көмір химиясы саласында үш ірі жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство көмір химиясын дамыту бағытын көмір өнеркәсібін жаңғыртудың және шикізатты терең өңдеу арқылы жоғары қосылған құны бар өндірістер қалыптастырудың негізгі тетігінің бірі ретінде қарастырады.

Қарағанды облысында жылына 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіретін зауыттың құрылысы жүргізіледі. Жобаны іске асыру нәтижесінде 500-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарында көмірден дизель отынын өндіретін, әрқайсысының қуаты жылына 100 мың тонна екі жоба жүзеге асырылып жатыр.

Бұдан бөлек, тағы үш перспективалы жоба пысықталып жатыр.

Қарағанды облысында таскөмір шайырын қайта өңдеуді, бензол өндіруді және кокс газын тазартуды қамтитын кокс-химия өндірісін құру мәселесі қарастырылды.

Абай облысында аммиак пен карбамид өндіру жобасы пысықталып жатыр.

Тағы бір перспективалы жоба көмірден газ өндіруді көздейді. Қазіргі уақытта жобаны іске асыру алаңын белгілеу жоспарланған. 

Еске сала кетсек, Қазақстан көмір өндіру көлемін ұлғайтып, жарты триллион теңге инвестиция тартпақ.