Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткен іс-шараларға 43 мыңнан астам жас оқырман қатысты

Бүгін, 16:51
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткен іс-шараларға 43 мыңнан астам жас оқырман қатысты
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің кітапханалары мен мәдениет мекемелерінде мерекелік әрі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап. 

Іс-шаралар жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға және бос уақытын мазмұнды өткізуге бағытталды.

Мерекелік бағдарлама аясында әдеби-сазды кештер, сурет байқаулары, шеберлік сағаттары, театрландырылған қойылымдар, танымдық кездесулер мен түрлі интерактивті алаңдар өткізілді. Балалардың рухани танымын кеңейтіп, кітап оқуға ынталандыратын отбасылық жиындар да өтті.

Астанада «Балалықтың мөлдір әлемі» атты мәдени-ағартушылық бағдарлама ұйымдастырылып, фин балалар әдебиетінің арнайы бұрышы ашылды. Көпшілік әдеби оқулар, зияткерлік ойындар мен шығармашылық сайыстарға қатысты.

Алматыда «Күн мен Ай ертегілері» балалар кітаптары таныстырылып, топтаманы талқылауға арналған жиын өткізілді.

Павлодар облысында өткен «Кітапқа толы жаз: оқып, демалайық» көрмесінде жас оқырмандар 3D және 4D форматындағы кітаптармен танысты.

Түркістан облысында «Балалығым – бал дәуренім» атты іс-шара аясында өлкетану сапары ұйымдастырылып, балаларға арналған фильмдер көрсетілді.

Солтүстік Қазақстан облысында «Бақытты балалық шақ аумағы» марафоны өтті. Марафон шеңберінде «Қарақшыларға айналу» квесті мен шығармашылық алаң ұйымдастырылды.

Жалпы республика бойынша 1200-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 43 мыңнан астам бала қатысты.

Еске салайық, бұған дейін елордада Балаларды қорғау күніне орай ұлттық ойындардан сайыс өткені туралы жаздық.