Елордада Балаларды қорғау күніне орай ұлттық ойындардан сайыс өтті
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астанадағы Arqa ALAN ұлттық спорт түрлерін дамыту орталығында Ethno Games Arqa ALAN этнофестивалі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Этнофестиваль Астана қаласы әкімдігінің «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен өтті. Оған қала мектептерінің 2-11 сынып оқушылары қатысты. Қатысушылар асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ және қазақ күресі бойынша өзара бақ сынады.

«Біздің орталық балалар мен жасөспірімдерге дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық бағыттары бойынша қосымша білім беріп, түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастырады. Жазғы сауықтыру кезеңінде қала мектептерінде спорттық бағдарламалар өткіземіз. Негізгі мақсатымыз – балалардың спортқа, білімге және ұлттық ойындарға деген қызығушылығын арттыру. Биылғы «Дидарлы жаз» бағдарламасына Астана қаласы бойынша 117 мектеп қатысып отыр. Бағдарлама аясында жаз бойы 13 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарланған. Бүгін Балаларды қорғау күніне орай Arqa ALAN алаңында этнофестиваль форматында ұлттық ойындар сайысы өтіп жатыр. Барша бүлдіршіндерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын. Балалардың болашағы жарқын, дендері сау, білімге құштар болып өсуіне тілектеспін», – деді Астана қаласы әкімдігінің «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының директоры Ғинаят Сыздықов.

Этнофестивальге қатысқан оқушылар да ұлттық ойындардың маңызын атап өтті. Солардың бірі – №90 мектеп-гимназияның оқушысы Раяна Нышан.
«Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған бүгінгі жарысқа қатысып жатқаныма қуаныштымын. Мен Arqa ALAN орталығында бір жылға жуық уақыттан бері бес асық ойынымен айналысып келемін. Бұл ұлттық ойынға ерекше қызығамын. Бес асық адамның ептілігін арттырып, шапшаң ойлауға үйретеді. Бүгінгі сайысқа қаланың әртүрлі мектептерінен оқушылар жиналды. Осындай мерекелік шаралар балалардың ұлттық ойындарға қызығушылығын арттырып, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Болашақта бес асық ойынын одан әрі дамытып, оның кеңінен насихатталғанын қалаймын», – деді ол.


Балаларды қорғау күніне арналған этнофестиваль ұлттық ойындарды насихаттауға, жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге және балалардың шығармашылық әрі спорттық әлеуетін дамытуға мүмкіндік берді.
Еске салсақ, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елордада Kids Run балалар жарысы өтті.