Заң мен тәртіп: Астанада Kids Run балалар жарысы өтті

Заң мен тәртіп: Астанада Kids Run балалар жарысы өтті
Фото: Салтанат Мұратқызы

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласының Орталық саябағындағы шаңғыроллер тас жолында дәстүрлі Kids Run балалар жарысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі. 

Балалар жүгірісі жарысы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Дене шынықтыру және спорт басқармасының, Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының, сондай-ақ қалалық прокуратураның ұйымдастыруымен жүзеге асты. 

Жарысқа 6-15 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар қатысты. Қатысушылар жас ерекшелігіне қарай 300, 500 және 1 000 метр қашықтықтарда сынға түсті. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа 500-ден астам бала қатысты. 

Іс-шараның басты мақсаты - «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында балалардың денсаулығын нығайту, оларды спортқа баулу және салауатты өмір салтын насихаттау. 

«Қазір елорда аудандарында түрлі көңілді старттар мен басқа да спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Соның бірегейі - бүгінгі балалар жүгірісі. Іс-шараға 500-ден астам бала қатысып жатыр. Қазір демалыс уақыты болғасын, жарысқа қатысуға тілек білдіргендер қарасы өте көп болып отыр. Осыған байланысты келесі айда жарысқа 1 000 балаға дейін тіркейміз деген ниетіміз бар. Жалпы, аталған-іс-шараны алдағы жаз маусымында ай сайын тегін өткіземіз деп жоспарлап отырмыз», - деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай. 

Жүгіріске жас санаты бойынша қатысқан қыз балалар мен ер балалар белгіленген қашықтықты бағындырды. Мәре сызығын кесіп өткен Kids Run балалар жарысының барлық қатысушыларына медаль табысталды.

«Мұндай жарысқа бірінші рет қатысуым. Бүгін мәреге жетіп, медальге ие болғаныма қуанышым шексіз. Бұған дейін үй ауласында, саябақта жүгіріп жаттықтым. Бүгін соның нәтижесін көрдім», - дейді 3-сынып оқушысы Айару Қален. 

Айта кетейік, балаларға арналған мерекеде аниматорлар да өнер көрсетті.