Биыл ақылы жолдарда 2 мыңға жуық көлік нөмірін жасырып жүрген

Биыл ақылы жолдарда 2 мыңға жуық көлік нөмірін жасырып жүрген
Фото: ҚазАвтоЖол

Жыл басынан бері республикалық автожолдардың ақылы учаскелерінде мемлекеттік тіркеу нөмірін жасырудың, өзгертіп пайдаланудың немесе жалған нөмір қолданудың 1 942 дерегі анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.

Компания нөмірін әдейі жасырған немесе жалған нөмір таққан көліктерді бақылауды күшейтті. Бұл көбінесе жол ақысын төлеуден жалтару және автоматты бақылау жүйесін айналып өту үшін жасалады.

«Мұндай әрекет заңнама талаптарына қайшы келеді әрі жол-көлік оқиғасы, жол ережесін бұзу немесе өзге де төтенше жағдай кезінде көлікті анықтауды қиындатады. Осындай барлық материал жедел ішкі істер органдарына, оның ішінде патрульдік полиция бөлімшелеріне заңға сәйкес шара қолдану үшін жолданады», делінген хабарламада.

Компания, жалған немесе қолдан жасалған нөмірді пайдалану, сондай-ақ оны жасыруға арналған құрылғыны қолдану заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке, тіпті көлік құралын басқару құқығынан айыруға дейін әкелуі мүмкін екендігін ескертті.

Еске сала кетсек, Астанада ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді.