Астанада ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді

Бүгін, 19:15
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді
Фото: Көлік министрлігі

Астанада ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жолдың бұзылуын алдын алу мақсатында 1 сәуірден бастап Астана қаласында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтілді.

Аталған шаралар Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті, қала әкімдігі және полиция органдарымен бірлесіп жүзеге асуда.

«Бақылау қалаға кіретін және шығатын негізгі бағыттардағы жылжымалы көлік бақылау бекеттері арқылы, сондай-ақ автоматтандырылған салмақ өлшеу станцияларының көмегімен жүзеге асырылуда. Белгіленген салмақ параметрлерінен асып кеткен жағдайда, құқық бұзушыларға бұзушылық деңгейіне қарай айыппұл санкциялары қолданылады», делінеді хабарламада.

Сонымен қатар, 23 наурыз - 1 мамыр аралығында республикалық маңызы бар автожолдармен жүретін көліктер үшін осьтік жүктемеге қосымша шектеулер енгізілді.

«Астана қаласы жолдарының сақталуын және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыр жүк көліктеріне бақылау жұмыстары жалғасатын болады», деп хабарлады ведомствода.

Еске салсақ, елдің ақылы жолдарында лазерлік қауіпсіздік жүйелері енгізіліп жатыр.