Ақылы жолдарға лазерлік қауіпсіздік жүйелері енгізілуде
Қазақстанда ақылы автожолдарда қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында заманауи технологиялар кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл бағыттағы маңызды жаңашылдықтардың бірі — лазерлік визуалды бағдарлау жүйелері, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚазАвтоЖолға сілтеме жасап.
Аталған жобаны «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы жүзеге асыруда. Қазіргі таңда бұл жүйелер республикалық маңызы бар 22 жол учаскесінде орнатылып жатыр. Олардың қатарында Астана – Щучинск, Алматы – Қорғас, Шымкент – Тараз, сондай-ақ Орал – Ресей шекарасы бағыттары бар.

Лазерлік технология әсіресе түнгі уақытта және көріну деңгейі төмен жағдайда тиімді. Мұндай сәттерде жүргізушіге түсетін жүктеме артып, қателесу қаупі жоғарылайды. Жаңа жүйе жол бойына айқын жарық сызықтарын түсіріп, жүргізушіге нақты бағыт-бағдар береді.
Бұл шешім:
- қозғалыс бағыты мен жылдамдығын дер кезінде реттеуге,
- ұзақ жолда қалғып кету қаупін азайтуға,
- жүргізушінің назарын күшейтуге,
- жол жағдайын жақсырақ қабылдауға мүмкіндік береді.
Әсіресе ұзақ трассаларда лазерлік бағдарлау жүйесінің тиімділігі жоғары. Себебі, дәстүрлі жол белгілері кей жағдайда жеткілікті көрінбеуі мүмкін.
«Халықаралық тәжірибе де бұл технологияның нәтижелі екенін көрсетіп отыр. Шетелдік пилоттық жобалар деректеріне сәйкес, лазерлік сигналдарға жүргізушілер жылдамырақ әрекет етеді, ал мұндай жол учаскелерінде жол-көлік оқиғалары 40–50%-ға дейін азайған»,-делінеді хабарламада.
Қазақстандық жүргізушілер де бұл жаңашылдықты оң бағалауда. Олардың айтуынша, түнгі уақытта көлік жүргізу жеңілдеп, жалпы қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай артқан.
Еске салайық, Елордада «жолды бөлісе алмай» жұдырықтасқан жүргізушілерге айыппұл салынды.