Елордада «жолды бөлісе алмай» жұдырықтасқан жүргізушілерге айыппұл салынды
Астанада «Chevrolet Cobalt» маркалы екі көліктің жүргізушісі тасжолда туындаған жағдайды бейбіт түрде шеше алмай, мәселені жұдырықпен шешуге көшкен. Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқан екі азаматты полиция бөліміне жеткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Екі азамат ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен әрқайсысына айыппұл салынды», - дейді полиция өкілдері.
Полиция жолдағы кез келген агрессивті әрекеттер қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу болып табылатынын және «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қатаң түрде тоқтатылатынын ескертті. Өйткені мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді.
Сондай-ақ, жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға, сабырлық танытуға және рөлде отырғанда жанжалдан аулақ болуға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін полиция шетелдегі қылмыстық топтың call-орталықтарының қызметін тоқтатқаны туралы жаздық.