Интернет алаяқтық: Полиция шетелдегі қылмыстық топтың call-орталықтарының қызметін тоқтатты

Интернет алаяқтық: Полиция шетелдегі қылмыстық топтың call-орталықтарының қызметін тоқтатты
Фото: ІІМ видеосының скрині

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Украина Ұлттық полициясының Қылмыстық іздестіру департаменті және екі елдің Бас прокуратураларымен бірлесіп жүргізген ауқымды арнайы операция нәтижесінде Украина аумағында әрекет еткен трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың call-орталықтарының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

31 наурызда Днепр қаласында жүйелі түрде Қазақстан, Украина және Еуропалық одақ елдерінің азаматтарына қатысты интернет-алаяқтық жасаған үш call-орталықтың қызметіне тосқауыл қойылды.

«Қылмыстық ұйымның ұзақ уақыт бойы жалған инвестициялық компания қызметкерлері ретінде әрекет еткені анықталды. Қаскөйлер жәбірленушілерді алдап, олардың құпия деректеріне, жеке кабинеті мен банк шотына қол жеткізіп, нәтижесінде ақша мен цифрлық активтерін иемденген.

Сонымен қатар романтикалық схема түріндегі тәсіл арқылы, сондай-ақ криптовалютаға жалған инвестиция ұсыну арқылы жасалған алаяқтық фактілері анықталды», делінген хабарламада.

Қылмыстық әрекеті жүзеге асыру үшін танымал инвестициялық платформа мен криптобиржаны имитациялайтын фишинг интернет ресурстар пайдаланылған. Бұл өз кезегінде алаяқтарға жәбірленушінің активін толық бақылауға алуға мүмкіндік берген.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың ұйымдастырушылары мен барлық белсенді қатысушы анықталды. Днепр қаласында бір мезетте 40 орында тінту жүргізілді.

«Нәтижесінде, 53 Украина азаматы ұсталды, олардың ішінде сегіз негізгі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған қатысушылар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Тінту барысында 100 мың доллар, 90 компьютер, 125 смартфон, 6 элиталық көлік», делінген хабарламада.

Қазір украиналық әріптестермен тығыз өзара іс-қимыл барысында қылмыстық әрекеттің барлық эпизодын анықтау, қосымша қатысушыларды әшкерелеу және азаматтарға келтірілген жалпы залал көлемін нақтылау бағытында тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

 

Еске сала кетсек, Астанада брендтік тауарларды заңсыз сатқан азамат ұсталды.