Астанада брендтік тауарларды заңсыз сатқан азамат ұсталды
Астанада полиция қызметкерлері танымал брендтердің тауарларын сатумен байланысты бірқатар алаяқтық деректері бойынша күдікке ілінген 33 жастағы ер адамды анықтап, ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет еткен. Ол жалған сенімхаттар жасап, өзін Қазақстан аумағындағы түрлі брендтердің ресми өкілі ретінде таныстырған. Осы сылтаумен кәсіпкерлерге хабарласып, олардың қызметінен заң бұзушылықтар анықталғанын айтқан.
Алдау мен қысым көрсету арқылы ол сатушылардан ақшалай қаражат талап етіп, «мәселені шешіп беруге» және өнімді сату барысында қиындықтарға жол бермеуге уәде берген.
Эпизодтардың бірінде келтірілген шығын көлемі 300 мың теңгеден асқан.
«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері осындай төрт алаяқтық дерегін тіркеді.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, тұрғылықты мекенжайы бойынша ұсталып, полицияға жеткізілді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Полиция кәсіпкерлерге ескертеді: өзін брендтердің немесе компаниялардың ресми өкілі ретінде таныстыратын тұлғалардың өкілеттілігін міндетті түрде тексеру қажет. Күдік тудыратын талаптар туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгініңіздер.
Еске сала кетейік, Қостанайда полицейді жабылып соққыға жыққандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.