Қазақстандық дәрігерлер сирек кездесетін өкпе дертіне шалдыққан науқасқа күрделі ота жасады

Қазақстандық дәрігерлер сирек кездесетін өкпе дертіне шалдыққан науқасқа күрделі ота жасады
Фото: ДСМ

Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының дәрігерлері сирек кездесетін өкпе ауруына шалдыққан науқасқа алғаш рет тотальды бронхоальвеолярлық лаваж жасап, операцияны сәтті аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоғары технологиялық медициналық процедура орталықтың эндоскопия бөлімшесінде бір саңылаулы интубациялық түтік пен кеуде қуысына вибрациялық массаж жасау әдісін қолдану арқылы жүргізілді.

Операцияны дәрігер-эндоскопист Бақтияр Тұрғымбаев жансақтау бөлімінің мамандарымен, торакалдық хирургтармен және пульмонологтармен бірлесіп орындады.

33 жастағы науқас орталыққа ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлердің мәліметінше, қабылдау кезінде оның қандағы оттегімен қанығу деңгейі (сатурациясы) шамамен 80 пайыз болған.

Жүргізілген емнен кейін науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарған. Сатурация деңгейі 95-97 пайызға дейін көтеріліп, тыныс алу қызметі мен жалпы жағдайы оң динамика көрсеткен.

Мамандардың айтуынша, бұл клиникалық жағдайдың ерекшелігі – бронх ағашын кезең-кезеңімен сегменттік шаю әдісін кеуде қуысының вибрациялық массажымен үйлестіріп қолдану. Бұл тәсіл өкпе альвеолаларында жиналған ақуызды-майлы массаларды тиімді түрде тазартуға мүмкіндік берген.

Альвеолярлық өкпе протеинозы – өте сирек кездесетін аурулардың бірі. Статистикалық деректер бойынша бұл дерт шамамен екі миллион адамның бір-екеуінде ғана анықталады.

Дәрігерлердің мәліметінше, қазіргі таңда тотальды бронхоальвеолярлық лаваж аталған патологияны емдеудің ең тиімді әрі негізгі әдісі болып саналады.

Бұдан бұрын елімізде жүректегі «Вольф-Паркинсон-Уайт» синдромына күрделі операция жасалғанын жазған едік.