Астанадағы халықаралық турнирлерде қазақстандық шабандоздар 14 медаль жеңіп алды

Астанадағы халықаралық турнирлерде қазақстандық шабандоздар 14 медаль жеңіп алды
Фото: ҰОК

Астанада өткен ат спорты бойынша халықаралық турнирлер сериясында Қазақстан құрамасы 14 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үш күнге созылған жарыстарға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Бразилия, Үндістан, Беларусь, Колумбия, Марокко, Оңтүстік Африка Республикасы және басқа да елдердің спортшылары қатысты.

Турнир бағдарламасы FEI Jumping World Challenge финалы мен конкурдан CSI-W Әлем кубогы кезеңімен басталды. CSI-W FEI Jumping World Cup жарысында өзбекстандық Хуршидбек Алимжанов чемпион атанса, қазақстандық Бекжан Байжанұлы күміс медаль жеңіп алды. Қола жүлде қырғызстандық Ринат Галимовқа бұйырды.

Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медальдардың бірін Олег Соколенко салды. Ол CSI-W FEI Jumping World Cup аясындағы Equestrian Cup Гран-приінің іріктеу кезеңінде үздік нәтиже көрсетті.

Сонымен қатар атпен мәнерлеп жүру бағдарламаларында да қазақстандық спортшылар жүлдегерлер қатарынан көрінді. Дарья Попова CDI 1* (St. George), CDI Intermediate I және Intermediate I Freestyle бағдарламаларында ел қоржынына бірнеше медаль қосты.

Жарыстың екінші күні CSI-W Әлем кубогы кезеңіндегі 135 сантиметрлік бағытта Олег Соколенко қола жүлдеге ие болды. Ал Раиса Соколенко URAN-NAD WIGRAMI тұлпарымен ULTIMA YANDEX CUP жарысында алтын медаль жеңіп алды.

Турнирдің ең әсерлі бәсекелерінің бірі саналатын Six Bar Jump-Off сайысында кедергілердің биіктігі 170 сантиметрге дейін көтерілді. Бұл жарыста қазақстандық Нурила Турисбекова мен Ясмин Ибрагимова жеңімпаз атанып, ел қоржынына екі алтын медаль салды.

Шешуші жарыс күнінде Олег Соколенко тағы бір мәрте жоғары шеберлігін көрсетіп, CSI-W AEF/Mantena CUP турнирінде чемпион атанды. Сондай-ақ осы жарыста күміс жүлдені де иеленді. Қола медаль тағы бір қазақстандық спортшы Нурила Турисбековаға бұйырды.

Халықаралық турнирлер сериясының басты бәсекесі – кедергілер биіктігі 160 сантиметр болатын Grand Prix Maxima Masters Eurasia Cup CSI-W жарысы болды. Бұл додада бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен Богдан Васковский жеңімпаз атанды.

Үш күнге созылған халықаралық жарыстардың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы өз алаңында өткен беделді турнирлерде жалпы саны 14 медаль жеңіп алып, жоғары нәтиже көрсетті.

Бұған дейін Ильфат Абдуллин садақ атудан Словениядағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған едік.