Олжас Бектенов Павлодарда өнеркәсіп паркін салатын сингапурлық компанияның басшылығымен кездесті
Премьер-министрі Олжас Бектенов сингапурлық XINFA GROUP компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Чжао Тинъюнмен Павлодар облысында өнеркәсіп паркін салу бойынша дайындық жұмысының барысын талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында жобаның ағымдағы жағдайына назар аударылды.
Чжао Тинъюн қазіргі уақытта жер учаскесі айқындалып, инвестициялық келісімшарт жасалғанын, сондай-ақ компания парк құрылысын жүзеге асыру үшін жобалау институтын тартқанын атап өтті.
Қазақстан Премьер-министрі мемлекеттік органдарға жалпы инвестиция көлемі $15 млрд болатын ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға барынша жәрдем көрсетуді тапсырды. Жоба өңірдің және тұтастай алғанда елдің дамуына мультипликативтік әсер етеді.
Толық циклды өнеркәсіп паркін құру жөніндегі тұжырымдамада бокситтерді терең өңдеу жолымен алюминиге айналдыратын жоғары интеграцияланған өндіріс құру қарастырылған. Алюминий тотығын өндіретін кәсіпорындардың қуатын жылына 4,8 млн тонна, электролиттік алюминийді 2,4 млн тонна деңгейінде ұстап тұру жоспарланып отыр. Терең өңдеу көлемі жыл сайын 1,2 млн тоннаға жетпек. Жобаны жүзеге асыру 10 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өндірістік нысандардың құрылысы биыл басталады. 1-ші кезекті іске қосу 2028 жылы, жобалық қуатқа шығу 2029 жылы жүзеге асырылмақ.