Елімізде балалардың денсаулығын сақтау жүйесі қалай дамып жатыр
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Денсаулық сақтау министрлігі балалардың денсаулығын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындыларын шығарып, балалар денсаулығын сақтау жүйесін дамытудың алдағы басымдықтарын айқындайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ДСМ мәлім еткендей, бүгінде Қазақстанда шамамен 7 млн бала өмір сүреді, бұл ел халқының шамамен 34%-ын құрайды. Сондай-ақ, соңғы он жылдың ішінде балалардың саны 1,5 млн адамға артты, бұл балаларға арналған медициналық көмектің инфрақұрылымын әрі қарай дамыту мен жүйесін жетілдіруді талап етеді. Балалардың денсаулығын сақтау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Балаларға медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде тегін көрсетіледі. Соңғы бес жылдың ішінде балалар денсаулығын сақтау саласын қаржыландыру 264 млрд теңгеден 585 млрд теңгеге дейін екі еседен астам артты. Бүгінде балаларға көрсетілетін медициналық көмектің шығыны сала бюджетінің 23%-ын құрайды.
«Бүгінде Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны — бала. Біздің міндетіміз тек қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар баланың өмірінің алғашқы күндерінен бастап оның дені сау әрі қауіпсіз дамуына жағдай жасау. Біз педиатриялық қызметті кезең-кезеңімен нығайтып, жоғары технологиялық көмекті дамытып, профилактикалық бағдарламаларды кеңейтіп, балалар медицинасының инфрақұрылымын жаңғыртып келеміз. Денсаулық сақтау саласындағы барлық шешімдер ең алдымен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатына бағытталуы тиіс», — деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Елде балаларға медициналық көмектің көпдеңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Оған емханалар, балалар ауруханалары, перинаталдық орталықтар және республикалық клиникалар кіреді. Ел емханаларында 370 педиатриялық бөлімше және 386 даму мен ерте араласу орталықтары ашылған. Алдын алу және ауруларды ерте анықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Патронаждық бақылау жүйесі жүкті әйелдерді босануға дейінгі қадағалауды және бес жасқа дейінгі балаларды тұрақты сүйемелдеуді қамтиды.
Бүгінде алғашқы буын деңгейінде шамамен 4 мың патронаждық мейіргер жұмыс істейді. Балаларға арналған медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасуда. 25 балалар ауруханасын реновациялау бағдарламасы іске асырылуда, заманауи перинаталдық орталықтар салынуда. Балаларға жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту да басым бағыттардың бірі болып отыр. Соңғы екі жылдың ішінде 36 балаға «Гамма-пышақ» кешенін пайдалана отырып радиохирургиялық операция жасалды. Жыл сайын шамамен 400 балаға есту импланттары орнатылады, 700-ге жуық шала туған нәресте ретинопатиядан ем алады, 2 мыңнан астам балаға кардиохирургиялық көмек көрсетіледі.
Балалар хирургиясы мен неонаталдық көмекті дамыту жүйелі түрде жалғасуда. Жыл сайын туа біткен даму кемістіктері бар шамамен 1500 нәрестеге операция жасалады, олардың 40%-ға жуығы аз инвазивті эндовидеохирургиялық әдістермен орындалады. Елде заманауи перинаталдық технологиялар енгізіліп, неонаталдық реанимация дамуда және медициналық көмекті өңірлендіру жүйесі жетілдірілуде. Осы шаралардың арқасында хирургиялық араласудан кейін нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші 88%-дан 93%-ға дейін артты.
2024 жылдан бастап Қазақстанда феталдық медицина дамып келеді — бұл ұрық патологияларын жатырішілік емдеу бағыты. Жаңа тәсілдерді енгізу туа біткен даму кемістіктерін ерте анықтауды 10%-ға арттырып, туа біткен патологиялардан болатын нәресте өлімін 15%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
Балалар онкогематологиялық көмегін дамытуға ерекше назар аударылуда. Медициналық ұйымдарда иммуногистохимия, иммунофенотиптеу, жоғары дозалы химиотерапия және орган сақтаушы хирургиялық технологиялар сияқты заманауи диагностикалық және емдеу әдістері енгізілуде. Профилактикалық медицинаны дамыту да маңызды бағыт болып қала береді. Балаларға туғаннан бастап неонаталдық, аудиологиялық, офтальмологиялық және даму скринингтері жүргізіледі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша неонаталдық скринингпен қамту 96%-ға, аудиологиялық скрининг 87%-ға, даму скринингі 90%-ға жетті. Мектеп жасындағы балалар үшін білім беру ұйымдарының базасында медициналық сүйемелдеу жүйесі ұйымдастырылған. Мектептерге емханалар бекітіліп, 6,5 мың медициналық пункт жұмыс істейді, онда 6,6 мың мектеп мейірбикесі қызмет атқарады.
Балалардың стоматологиялық денсаулығына ерекше көңіл бөлінуде. «Болашаққа – сау тіспен» бағдарламасы шеңберінде барлық мектептерде тіс дәрігерлік тексерулер мен тісжегі профилактикасы енгізілді. 2025 жылы 125 мектеп стоматологиялық кабинеті ашылды. Жасөспірімдерді қолдау үшін жастар денсаулық орталықтарының желісі дамып келеді. Бүгінде елде 10–18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге профилактикалық, психологиялық және консультациялық көмек көрсететін 85 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының базасында 97 психикалық денсаулық орталығы жұмыс істейді, онда ата-аналар мен балалар эмоциялық және психологиялық жағдай бойынша білікті көмек ала алады.
Министрдің айтуынша, балалар денсаулығын сақтау жүйесін одан әрі дамыту Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылады.
«Балалар санының артуы жаңа тәсілдер мен жүйелі шешімдерді талап етеді. Бүгін біз профилактиканы күшейту, мектеп медицинасы мен скринингтерді жетілдіру, патронажды дамыту, балалардың психикалық денсаулығын қолдау және өңірлердің арасындағы қолжетімділік теңсіздігін азайту міндеттерін қойып отырмыз. Осы бағыттар «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының негізін құрайды», — деді Ақмарал Әлназарова.
Тұжырымдама профилактикалық медицинаны дамыту, скрининг бағдарламаларын жетілдіру, балалардың ерте дамуын қолдау, мектеп денсаулығын нығайту, иммундаумен қамтуды арттыру және тұрғылықты жеріне қарамастан медициналық көмектің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларын қамтиды. Сонымен қатар, 2026 жылы мектеп оқушыларына профилактикалық медициналық тексерулерге жаңа тәсілдер енгізу және жастар денсаулық орталықтарының қызметін жаңғырту жоспарлануда. Бұл шаралардың кешенді іске асырылуы балалар мен нәрестелер өлімінің көрсеткіштерін одан әрі жақсартуға, мамандандырылған көмекке қолжетімділікті кеңейтуге және Қазақстандағы әрбір баланың дені сау дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша елімізде 7 миллионға жуық бала бар.