1,9 мыңдай әкім ауылын цифрлық жұмыс орнынан басқарады
«Әкімнің цифрлық жұмыс орны» жобасына 17 облыс пен 1 894 ауылдық округ қосылды. Платформаның басты мақсаты – өңірлік басшыларды артық қағазбастылықтан арылтып, ауылдағы ахуал туралы барлық маңызды ақпаратты бір жүйеге шоғырландыру, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба еліміздің барлық өңірде кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Жүйе Отбасының цифрлық картасы негізінде әзірленіп, 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйенің дерегін біріктірді. Платформада тұрғындардың табысы, жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік мәртебесі туралы мәліметтермен қатар, жылжымайтын мүлік, инфрақұрылым, денсаулық сақтау мен білім беру салаларының көрсеткіштері, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алушылар туралы ақпарат қамтылған.
Деректерге жедел қолжетімділіктің арқасында әкімдер енді қолдау шараларын нақты мұқтаж азаматтарға бағыттап, әлеуметтік тәуекелдерге жедел әрекет ете алады.
Әкімнің цифрлық жұмыс орнын енгізу ауылдық әкімдіктердің әкімшілік жүктемесін де айтарлықтай төмендетеді. Басқару үдерістерін объективті деректерге негізделген жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта жүйенің функционалы одан әрі кеңейтіледі. Таяуда Әкімнің цифрлық жұмыс орнына жер ресурсы, салық, субсидия, сондай-ақ шаруа қожалықтарының қызметіне қатысты деректер интеграцияланып, ауылдық аумақты кешенді дамытуға арналған қосымша мүмкіндік қалыптастырылады.
Еске сала кетсек, мүгедектігі бар азамат пен көмекшісі арасындағы байланыс портал арқылы цифрландырылады.