Елордалық мектепте үш жазғы лагерь ашылды

Бүгін, 12:12
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордалық мектепте үш жазғы лагерь ашылды
Фото: ұйымдастырушылардан

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елордадағы №91 мектеп-гимназиясында жазғы лагерьлердің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Биыл аталған білім ордасында балалар үшін бірден 3 түрлі бағыттағы лагерь есігін айқара ашқан болатын. Олар: «Жазғы camp» мектеп жанындағы лагері, «Атамекен» киіз үй лагері және «Болашақ lab» бейіндік лагері.

Мерекелік іс-шара әуезді ән мен мың бұралған биге ұласып, соңында балалар «Ғажайып лагерь әлеміне» қызықты саяхат жасады. Оқушылар арнайы маршрут бойынша 3 түрлі локацияда бақ сынасты. «Спорттық станцияда» тартысты эстафеталар мен көңілді ойындар ойнатылса, «Киіз үй станциясында» ұлттық ойындар жаңғыртылды. Ал «Шығармашылық станциясында» балалар қыш құмыра жасау (гончарка), сурет салу және аквагрим өнерімен айналысып, қиялдарына қанат бітірді.

«Балалардың жүзіндегі күлкі мен көздеріндегі қуаныш – біз үшін ең үлкен бақыт! Барша бүлдіршіндерді мерекесімен құттықтаймын! Жазғы демалыс қызықты әрі қауіпсіз өтсін!», - дейді іс-шара ұйымдастырушылары.  

Еске салайық, бұған дейін балалардың жазғы демалысында отбасылық туризм мен ішкі саяхатқа басымдық берілетіні туралы жаздық.